Қазақстанның жұптық сындағы үздігі, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина Жапония астанасында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы Токио турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сербиялық әріптесі Александра Круничпен тандем құрған қазақстандық спортшы алғашқы айналымда мексикалық Джулиана Олмос пен индонезиялық Алдила Сутджиаджиадан басым түскен. Бір сағатқа жуыққа созылған матч Данилина – Крунич жұбының айқын жеңісімен аяқталды — 6:1, 6:3.

Сонымен қатар, Елена Рыбакина да Токио кортында өнерін жалғастырады. Әлемнің жетінші ракеткасы саналатын Рыбакинаның алғашқы қарсыласы бүгін белгілі болды. Бірінші айналымда канадалық Лейла Фернандес (WTA – 22) грекиялық Мария Саккариді (WTA – 54) 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңіп, келесі айналымда Рыбакинамен кездесуге жолдама алды.

Ал Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінде Қазақстанның тағы бір өкілі, әлемнің 76-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда ресейлік Алина Корнееваны (WTA – 165) 7:6 (7:2), 4:6, 6:4 есебімен ұтты. Екі жарым сағатқа жуыққа созылған тартысты матчта Путинцева жеңісті жұлып алып, жарыстың ширек финалына шығу мүмкіндігін сақтап қалды.

Келесі кезеңде Юлия Путинцева әлемдік рейтингтің 96-сатысындағы германиялық Элла Зайдельмен кортқа шығады.