Алматы облысындағы іскер әйелдердің көшін бастаушы, «Amanat» партиясы әйелдер қанатының мүшесі Ләззат Ботабекованың Райымбек ауданындағы кен орнын қайта жандандырып, аймақ халқын сапалы отынмен қамтамасыз етіп келе жатқанына ширек ғасыр болды. Бүгінде кәсіпорын жылына 40 мың тоннаға дейін көмір өндіріп, өңірді негізгі отын көзімен қамтып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз», деп айрықша атауы ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген адамдардың қоғамдағы рөлін ай­қындаумен қатар, мерейін өсі­ріп отыр. Солардың бірі – ту­ған өлкесінің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына тынымсыз үлес қосудан аянбайтын аяулы жан Ләззат Ботабекова. Кәсіпкер көмір кенінің тұрақты жұмыс істеуі, оның игілі­гін жергілікті халық көруі үшін қалтқысыз қызмет етіп отыр.

«Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының бас директоры Ләззат Ботабекова 2000 жылы үкіметпен келісімшартқа отырып, қараусыз қалған «Ойқа­рағай» кен орнын өз қаражаты мен банк несиесі арқылы қай­та іске қосты. Оған дейін кәсіп­орынды шетел азаматы басқарып, өндірістен түскен табыс елден сыртқа шығарылып келген. Күрде­лі кезеңде ол тозығы жеткен тех­никаға, экономикалық қиын­дық­тарға қарамастан, халық үшін маңызды көмір көзін сақтап, өндірісті тұрақты жолға қойған еді. Содан бергі еселі еңбек пен жұдырықтай жұмыла білген күш-жігердің нәтижесінде кәсіпорын жұмысы жанданып, таулы аймақ тұрғындарының отын маздатып, қазанын қайнатып келеді.

– Ол жылдары халықтың жағдайы өте ауыр еді. Зейнетақы төлемдері кешіктіріліп берілетін. Мұғалімдердің жалақысы аз, көмірдің тоннасы небәрі 550 теңге болатын. Сондай қиын шақта өз күшімізге сеніп, осы істі бастадық. Табанды еңбектің нәтижесінде бүгінде мыңдаған отбасының қыс­қы отын қажеттілігін өтеп отырмыз, – дейді кәсіпорын басшысы.

Бүгінде «Ойқарағай көмірі» деген брендтік атауға ие кен орнынан өндірілетін өнім шекаралы аймақ – Райымбек пен Кеген аудандарының негізгі отын көзі саналады. Газ тартылмаған бұл өңірлерде көмірдің әлеуметтік маңызы зор. Кәсіпорында осы күні 33 адам тұрақты жұмыс істей­ді, олардың көпшілігі жергі­лікті ауыл тұрғындары. Өндірісте қуаты жоғары ЭКГ экскаваторы қолданыста. Көмір қабаты 15 метр тереңдікте орналасқан­дықтан, жұмыс ашық әдіспен жүргізіледі.

ен

«Біз демалыста да, мерекеде де тыным таппаймыз. Кәсіпорын жыл он екі ай жұмыс істейді. Жазда жер қазамыз, қыста дайын өнімді жеткіземіз. Таңғы төртте тұрып, кешкі жетіге дейін жұмыс істейміз. Қыстың көзі қырауда кен орнынан көмір тасымалдайтын көліктердің жол қауіпсіздігі үшін Сарыбастау ауылына дейінгі 47 шақырым жолдың қарын күреп, жүргізушілердің WhatsApp-тағы чатына күнделікті жол жағдайынан хабардар етіп отырамыз. Бұл – біздің жұрт алдындағы жауапкершілігіміз», деген басшы қысы-жазы кен орнынан табылып, ондағы еңбек ұжымының тұрмыстық жай-күйі мен жұмыс ырғағын қадағалауды айнымас әдетке айналдырғанын аңғартты.

– Көмір өндіру – оңай шаруа емес. Қиындығы көп сала, соған қарамастан өз ісін жетік білетін азаматтар жұмыс істейміз. Басшымыз Ләззат Қайсарқызының қамқорлығын сезініп, қолдауына ие болып келеміз. Ол кісі бәріне жанашыр, сондай-ақ талапшыл. Өзім Нарынқолдан келіп, осындағы техникаларды тізгіндегелі бес жылдан асты. Сүттей ұйыған ұжым мүшелері, тұрақты еңбек етіп, табыс тауып, отбасымызды асырап отырмыз. Міне, қыс маусымы бас­талысымен жұмысымыз да қыза түседі. Техникалық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады, – дейді мақтаулы механизатор Нұрқанат Ахметов.

«Ойқарағай» көмірінің сапасы Ұлттық сараптау институтында тексеріліп, Б3 маркалы қоңыр көмір ретінде тіркелген. Оның құрамында күкірт аз, күл мөлшері төмен, қызуы жоғары.

Көмір негізінен Райымбек пен Кеген аудандарының тұрғын­дарына, мектептер мен әлеуметтік нысандарға жеткізіледі. Компа­ния жыл сайын әлеуметтік осал отбасыларға көмірді тегін таратады. Биыл екі ауданға 300 тонна көмір қайтарымсыз берілген. Бұл игі дәстүр 25 жыл бойы жібін үзбей жалғасып келеді. Сонымен қатар компания есебінен 16 студент жоғары оқу орнында тегін білім алған, олардың кейбірі бүгінде кәсіпорында еңбек етіп жүр.

– «Amanat» партиясының мүшесі ретінде халыққа адал қызмет ету – мен үшін басты қағида. Бұл жер менің тағдырымның бір бөлігі, өмірде көрген қиындығым мен жеткен жетістігім де осы кеннің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, туған жер төсіне табан тисе қуат алып, қанаттана түсемін, – дейді іскер жан.

Еңбегі елге елеулі Ләззат Бота­бекова өңірде әйелдердің кәсіп­кер­лік бастамаларын қолдап, әлеу­меттік жобаларға атсалысудан ая­нып қалмаған. Оның өмір жолы еңбек адамының беделін артты­рып қана қоймай, желкілдей өскен жастардың туған ел мен жерге қыз­мет етуде үлгі-өнеге болары хақ.

Алматы облысы