Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның ғылым, білім саласында қолдану аясын кеңейту – басты бағыт. Бұл ретте Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының атқарып отырған жұмысы қандай? Бүгінгі сұхбатта аталған басқарманың тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрмаман Оқаспен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, өрісін кеңейту жолындағы жұмыстар жайын сөз еттік.
– Нұрмаман Төкенұлы, мемлекеттік тіл мәселесі өзінің өзектілігін ешқашан жойған емес. Осы орайда әңгімеңізді өңірдегі бірыңғай тіл саясатын жүзеге асыруға құзыретті мекеменің мақсат-міндетінен бастасаңыз.
– Елімізде тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы мен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүргізіледі. Осы жылдың 7 ақпанында Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында тіл мәселесі бойынша облыста атқарылған жұмыс туралы басқарма басшысы Данияр Ахметов баяндама жасаған еді. Атқарылған жұмыстарға министрлік тарапынан оң бағаланып, тәжірибемізді барлық өңірге тарату туралы тапсырма берілді.
Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетімен бірлесе отырып, биылғы 24-25 сәуірде Қонаев қаласында өңірлердегі тілдерді дамыту саласына жауапты басқарма басшыларының қатысуымен «Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбында республикалық деңгейде тәжірибе алмасу іс-шарасын өткіздік. Семинар барысында Тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілді цифрландыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін өздігінен оқып-үйренуге арналған ІТ-өнімдерді әзірлеу, қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру, қазақ тілін оқыту, тіл заңнамасының сақталуына бақылау жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланды әрі қазақ тілін цифрландыруға қатысты платформалардың таныстырылымы
өтті.
Сонымен қатар тіл саясатын іске асырудағы заңнамалық жұмысты жетілдіру мақсатында нормативтік құқықтық актілерге тиісті толықтырулар енгізіліп, жергілікті атқарушы органдарға тілдерді дамыту саласы бойынша қосымша функциялар жүктелді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес мемлекеттік мекемелерде тіл туралы заңнаманың орындалуына тексеру жүргізу құзыреті берілді. Осыған байланысты осы жылдың бірінші жартыжылдығында Іле ауданы мен Қонаев, Алатау қалаларының әкімдіктеріне және оған қарасты бөлімдерге тексеру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді.
– Нарықтық қоғамда қандай қызмет көрсету саласы болсын, жарнамасыз елестету мүмкін емес. Дегенмен кейбір көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың қазақ тіліндегі мәтіні сын көтермейді немесе тек орыс тілінде ілінеді. Бұл бағытта облыста қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің заңға сәйкес қолданылуы – басқарманың тұрақты бақылауындағы мәселе. Бірақ заңға сәйкес бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар өздері тікелей шеше алмайды, қоғамдық ұйымдар, халық көмектесуі керек. Бұл мәселе бойынша кез келген азамат тіл туралы заң талаптарының бұзылғанын анықтаса, басқармаға өтініш білдіре алады. Келіп түскен өтініштің негізінде басқарма кәсіпкерлік иелерін шақырып, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңын, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 75-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғай алады.
Былтырғы мамырдан бастап басқармаға келіп түскен өтініштердің негізінде 20 кәсіпкерге «Ескерту» түрінде шара қолданылып, хаттама толтырылды. Облыс бойынша қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің заңға сәйкес қолданылуын зерделеу және тұрғындарды осы шараға ынталандыру мақсатында жыл сайын «Тіл тазалығын сақтайық» акциясын өткіземіз, белсенді азаматтарды марапаттау іс-шараларын ұйымдастырамыз.
– Облыстың барлық аудан, қалаларында тіл оқыту орталықтары жұмыс істей ме? Оған келушілер қатары қалай? Өз еркімен тіл үйренуге ынталы азаматтардың саны артты ма?
– Облыс орталығы Қонаев қаласында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және аудан, қалаларда оның 11 филиалы жұмыс істейді. Жыл сайын орталық филиалдарының желісі кеңейіп келеді. 2022 жылмен салыстырғанда тілді оқыту орталығының қосымша екі филиалы ашылды. Сонымен қатар 2024 жылғы 9 қаңтардағы Президент Жарлығымен Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Алатау қаласы болып өзгертілгенін білесіз. Соған орай ақпан айында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Алатау қалалық филиалы ашылды.
Орталықтағы жалпы штаттық бірлік саны – 59. Оның ішінде 21 қызметкер облыс орталығында, ал қалған 38 қызметкер аудандық филиалдарда жұмыс атқарады. Филиалдар жұмысқа қажетті оқулықтар мен заманға сай материалдық-техникалық базамен қамтылып жатыр. Облыс әкімінің қолдауымен осы жылы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының филиалдарына соңғы үлгідегі 11 интерактивті панель – смарт теледидарлар орнатылды. Бұл құрылғылар тіл үйрену үдерісін, оқыту сапасын тиімді етеді.
Биыл мемлекеттік тілді оқыту курсында 1 306 тіл үйренуші дәріс алып жатыр. Оның ішінде 387-сі – этнос өкілдері. Ағылшын тілін оқыту курсында – 314, орыс тілі курсында 60 тыңдаушы білім алады. Курс мерзімі – 3, 6 ай.
Сонымен қатар қазір тіл курстарын салалар бойынша оқыту моделіне көштік. Өткен жылдың төртінші тоқсанынан бастап 170 сот қызметкері, 180 полиция қызметкері 3 айлық курстан өтті. Осы жылы 180 полиция қызметкері тәртіп сақшыларына арналған кәсіби қазақ тілін, 28 имам дін саласының қызметкерлеріне арналған қазақ тілін үйреніп жатыр.
Оқыту барысында кездесетін ең басты қиындықтардың бірі – уақыт тапшылығы. Бұл кедергіні жою мақсатында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында аралас оқу түрі қолданылады. Тіл үйренушілердің қажеттіліктері мен сұраныстарына орай сабақтар оффлайн және онлайн форматта да ұйымдастырылады. Онлайн форматтағы сабақтардың артықшылығы, мобильді қосымшалар, қысқа видео-сабақтар арқылы кез келген уақытта, кез келген жерде тіл үйренуге мүмкіндік беру. Бүгінгі таңда 283 тыңдаушы онлайн форматта тіл үйреніп жатыр. Онлайн оқыту кезінде ZOOM, Google Classroom, iSpring, Courses, тағы да басқа платформалар қолданылады. Қашықтан немесе өз бетінше тіл үйренемін деушілерге арналған TilOquBot атты Telegram чат-боты іске қосылған. Аталған чат-бот мемлекеттік тілді оқытуды 4 деңгейіне арналған 100 сағаттық оқу бағдарламасы мен мемлекеттік тілді іс жүргізу курстарының сабақтарын қамтиды. Сондай-ақ чат-боттың көмегі арқылы оқыту орталығы жоқ шалғай аудандардағы тұрғындарды да тіл курстарына тарту мүмкіндігіне ие болдық. TilOquBot чат-боты 2024 жылдың сәуір айынан пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда 2 382 тіл үйренуші (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер – 830, бюджеттік сала қызметкерлері – 929, жеке тұлға – 623) тіркелген. Тіркелушілердің басым бөлігі (52%) – Алматы облысының шалғай аудандарында тұратын тұрғындар.
– Екінші жартыжылдықта қандастарды оқытуды жоспарлап отыр екенсіздер...
– Біздің тарапымыздан қандастарды мемлекеттік тіл курстарына тарту, оларға арнайы оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру мақсатында Алматы облысының Жұмыспен қамту басқармасынан қандастарға қатысты ресми мәліметтер алынды. Сонымен қатар «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде Алматы облысында 1 494 қандас тіркелгені анықталды. Оның ішінде 402 әйел, 571 ер адам, қалғаны – балалар мен жасөспірімдер. Дәстүрлі жазғы еңбек демалысы кезеңін ескере отырып, 11 тамыздан бастап оқыту мақсатында қандастардан құралған топтар жинақталып, мемлекеттік тілді оқыту курстары басталды. Оқыту үдерісіне халықаралық тәжірибеге сай тәсілдер енгізіліп, тыңдаушылардың бейімделуіне ықпал ету мақсатында кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, несие және т.б. бағыттар бойынша мамандар тартылып, еліміздегі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға қол жеткізу тәртібімен таныстырылады.
– Тіл саласының бір тармағы – ономастика. Облыстағы ономастика жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр, жаңарған атаулар бар ма?
– Мемлекет басшысының 2024 жылдың 9 қаңтардағы №432 Жарлығымен Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Алатау қаласы болып өзгертілді. Алматы облысының кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеріп, Іле, Кеген, Талғар аудандарындағы бірқатар әкімшілік-аумақтық бірліктердің 12 атауы өзгертілді: Энергетический а/о – Өтеген батыр а/о, Покровка ауылы – Кенен Әзірбаев ауылы, КазЦИК а/о – Асқар Тоқпанов а/о, КазЦИК ауылы – Асқар Тоқпанов ауылы, Комсомол ауылы – Жайнақ ауылы, Чапаев а/о – Байкент а/о, Чапаев ауылы – Байкент ауылы, Междуреченск а/о – Ақсай а/о, Междуреченск ауылы – Ақсай ауылы, Талғар ауданы – Қазал Ту-4 ауылы – Жібек жолы ауылы, Кеген ауданы Жалаңаш а/о – Жалағаш а/о, Жалаңаш ауылы – Жалағаш ауылы.
Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өту бойынша Кеген, Райымбек аудандарындағы саябақтарға, Қонаев қаласындағы көшеге, Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы мектеп-гимназияға және Іле ауданы Қайнар ауылындағы №53 орта мектепке Бердібек Соқпақбаевтың есімін беру туралы шешім қабылданды.
Кеген ауданы Кеген ауылындағы Өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді.
Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына орай Қонаев қаласында Фрунзе көшесіне қайта атау берілді. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне Жақсылық Үшкемпіров есімі берілді.
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай, Іле ауданы Өтеген батыр кентінде жаңадан салынған 400 орындық Мәдениет үйіне композитордың есімі берілді.
Жеңістің 80 жылдығына орай елімізде жалпыұлттық тарихи естелікті сақтау бағытында ауқымды жұмыс қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, республикалық ономастикалық комиссия 500-ден аса көшеге сол өңірлерден шыққан, бұрын есімі көпшілікке беймәлім болып келген батырлардың атын беру туралы шешім қабылдады. Аталған бастама аясында Алматы облысында да кең көлемді жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, өңірде 79 көшеге соғыс ардагерлерінің есімі берілді. Бұл – облыстың елдік мұраны жаңғыртуға, Жеңіс жолында жанын пида еткен жауынгерлердің ерлігін есте сақтауға қосқан сүбелі үлесі.
Соғыс ардагерлерінің есімімен көше атау – ел есінде сақталған ерлікке деген құрметтің айқын көрінісі. Алматы облысындағы бұл шешімдер тарихи жадымызды жаңғыртып, әділ бағасын беруге бағытталған маңызды шара саналады.
Осы ретте айта кету керек, Мемлекет басшысы биыл 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ономастика саласындағы маңызды міндеттерді атап өтті. Президент атаусыз қалған көшелер мен қайталанатын топонимдерді реттеудің маңызына тоқталып, елді мекендердің атауында ұлттық нақыштағы, тарихи әрі дәстүрлі атауларға басымдық берілуі керектігін нақты жеткізді.
Алматы облысы – халық тығыз орналасқан әрі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Қазіргі таңда елді мекендердің кеңеюі мен жаңа қалалық аудандардың қалыптасуына байланысты өңірде атаусыз немесе қайталанатын құрамдас бөліктердің саны артып келеді. Осыған байланысты 2025 жылға дейінгі Жол картасына сәйкес, Алматы облысында жалпы саны 678 көше атау алуы немесе қайта аталу жоспарланған. Оның ішінде 519 көше – атауы жоқ (75%), ал 159 көше қайталанатын атаулар (25%) санатына жатады.
Бұл жұмыс жан-жақты пысықталған тәсілмен жүргізіліп отыр. Аталған ұсыныстарды толыққанды үйлестіру мақсатында Алматы облысы әкімдігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімімен бірлесіп нақты жұмыс атқарды.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Мемлекет басшысының тіл саясатына қатысты тапсырмаларын орындау жолында аянбай жұмыс жасайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру аясында осы жылы басқарма және «Тіл» оқу әдістемелік орталығы бірлесіп 30-ға жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ұлбосын ИСАБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы