Қазақстанда әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған тұрғын үй көмегі жүйесі ұзақ жылдар бойы халыққа демеу болып келеді. Бұл механизм ең мұқтаж азаматтарға тұрғын үйді тек алу немесе жалға алу деңгейінде ғана емес, коммуналдық қызметтерге, жылу мен суға жұмсалатын шығынның бір бөлігін өтеп, отбасының қаржылық жүктемесін азайтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көмек кімдерге бағытталған?
Тұрғын үй көмегі негізінен мына азаматтарға беріледі:
- Жалғыз тұратын және тұрақты тіркелген азаматтар;
- Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға пәтер алғандар;
- Жергілікті атқарушы органдар берген жеке сектордағы пәтерді жалдап тұратындар.
Өтініштерді электронды үкімет порталы арқылы онлайн немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы офлайн жолдауға болады.
Ranking.kz деректеріне сүйенсек, еліміз өткен жылыту маусымын апатсыз өткізіп, сәтті аяқтады. Инфрақұрылым біртіндеп тұрақтанып келеді. Жаңа тарифтік саясатты жүзеге асыру елдің экономикасын дамытуға жол беріп, Екібастұз бен Риддерде болған жағдайлардың қайталануына мүмкіндік бермеді. Атаулы өтемақы механизмі әлеуметтік қорғау мен инфрақұрылымға инвестиция салу арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ете отырып, аз қамтылған отбасыларға жүктемені жеңілдетеді.
2025 жылдан бастап есептеу тәртібі қалай өзгерді?
2025 жылдың тамыз айынан бастап тұрғын үй көмегін есептеу жаңа тәсілмен жүргізіледі. Енді көмек мөлшері қызмет көрсетушінің белгіленген нормаларына сәйкес анықталады:
- Газбен жабдықтау – бір адамға 15 текше метрден аспайды;
- Электр энергиясы – өңірлік уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес;
- Сумен жабдықтау: суық су – 4 текше метр, ыстық су – 2 текше метр;
- Жылумен қамтамасыз ету – бір адамға 0,025 Гкал;
- Қоқыс шығару – бір адамға 650 теңгеден аспайды;
- Лифт қызметі – бір пәтерге 1300 теңгеден аспайды;
- Байланыс қызметтері – телефон абоненттік төлемі 1399 теңгеден аспайды;
- Кондоминиумды күтіп ұстау және күрделі жөндеу – шаршы метрге 60 теңге;
- Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдау ақысы – шаршы метрге 120 теңге.
- Бір адамға арналған норманың алаңы 18 м², ал жалғыз тұратын азаматтар үшін бұл көрсеткіш 30 м²-тан аспауы керек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша тұрғын үй көмегі 9,6 мың отбасыға тағайындалған. Жалпы сомасы 453,4 млн теңгені құрады. Бір отбасыға бір тоқсандағы төлемнің орташа мөлшері – 4,6 мың теңге. Ең көп төлем Қостанай (60,4 млн теңге), Жамбыл (55,1 млн теңге) және Қызылорда (54,3 млн теңге) облыстарына тиесілі. Ал төлем алған отбасы мүшелерінің ең көп саны Қостанай, Қарағанды және Жамбыл облыстарында байқалды. Орташа төлемнің ең жоғары мөлшері Түркістан облысында – 7,9 мың теңге, Шымкентте – 7,3 мың теңге, Қызылордада – 6,9 мың теңге.
Елімізде тұрғын үй кезегін жеделдету мақсатында жаңа ереже енгізілді
Өткен жылы тұрғын үй көмегінің жалпы сомасы 592,1 млн теңге болды. Бұл төлемді 17,55 мың отбасы мүшесі алды. Бір жыл ішінде төленген көмек 42,7%-ға қысқарса, алушылардың саны 64,3%-ға төмендеген.
Ең көп төлем бөлінген өңірлер:
- Қызылорда – 113 млн теңге;
- Жамбыл – 89,8 млн теңге;
- Қостанай – 61,3 млн теңге.
Төлем алушылар саны ең көп өңірлер:
- Қарағанды – 2,81 мың адам;
- Жамбыл – 2,69 мың адам;
- Қостанай – 2,18 мың адам.
Тұрғын үй көмегі ең алдымен аз қамтылған отбасыларға бағытталған. Ал зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы немесе басқа санаттағы мұқтаж адамдар тең дәрежеде қолдау алады. Бұл жүйе тұрғындарды коммуналдық қызмет тарифтерінің күрт өсуінен қорғай отырып, әлеуметтік теңдік пен тұрмыстық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді.