Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды тұрақты даму мақсатында Халықаралық волонтёрлер жылы деп жариялады. Осыған байланысты биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі
жанынан Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылды.
Халықаралық жұмысты үйлестіру үшін екі қазақстандық волонтер БҰҰ-ның өңірлік хатшылықтарына жіберілді. Еуропа мен Орталық Азия аймағы бойынша Халықаралық волонтёрлер жылының (IVY 2026) өңірлік үйлестірушісі Қазақстанның жаһандық волонтёрлік қозғалысқа қатысуы мен оның маңызы туралы айтып берді.
«Бұл жерде жүріп, көптеген мәселе бойынша Қазақстанның расымен көшбасшы ел екеніне көзім жетті. Мысалы, мен келген бағдарлама көп елде жоқ. БҰҰ еріктісі болып жұмыс істеу үшін азаматтарын мемлекет есебінен жіберетіндері санаулы ғана. Қазақстан 2026 жылды Халықаралық волонтёрлер жылы деп жариялады. Демек бүкіл әлем ел Президентінің бастамасымен волонтёрлер жылын атап өтеді. Бұл – біздің жаһандық үрдістерге ілесіп қана қоймай, оны қалыптастырып отырғанымыздың тағы бір мәрте дәлелі», деп атап өтті Зарина Мирабдуллаева.
Сондай-ақ толық қаржыландыру бағдарламасы аясында биыл Кения, Түркия, Таиланд елдеріне 7 отандасымыз барып, өз жұмысын абыроймен атқарып жатыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі бойынша жыл сайынғы Достастық елдері волонтёрлерінің форумы ұйымдастырылатын болды. Алғашқы форум келер жылы Астана қаласында өтеді.
Негізі елімізде волонтёрліктің ұлттық инфрақұрылымы жүйелі жасақталған. Республика көлемінде Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді. Сонымен қатар бірыңғай Call-орталық қызмет көрсетеді және Qazvolunteer.kz ұлттық онлайн-платформасы іске қосылған.
Жыл өткен сайын еріктілер қатары артып келеді. Биыл белсенді волонтёрлер саны 300 мыңға жуықтады. Олардың ішінде 6 мың «күміс» волонтер бар, ал волонтёрлік ұйымдардың саны 810-нан асты. Волонтерлердің еңбегін бағалау мақсатында Президенттің бастамасымен «Жыл волонтёры» сыйлығы тағайындалды және бұл марапат жыл сайын табысталып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей елдерінен 297 азамат лауреат атанды. Бұл сыйлық өңірде де үлестіріледі.
«Түсіне білгенге, волонтёрлік – жай ғана көмектесу емес, бұл – адамның ішкі әлеміндегі мейірім мен жауапкершіліктің, жанашырлық пен азаматтық ұстанымның тоғысқан тұсы. Қоғамның ең қиын сәттерінде бірінші болып көмекке ұмтылатындар осы – волонтёрлер. Олар көп жағдайда үнсіз еңбек етіп, жарияға шықпайтын игі істер атқарады әрі қолынан келген көмектен бөлек, жүрек қалауымен қызмет етеді. Сондықтан волонтёрлікті адамға, қоғамға және өмірге деген сүйіспеншіліктің ең жоғары көрінісі деп бағалаймын. Еріктілерге атақ та, марапат та керек емес. Алайда осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген жандарды қолдау, олардың еңбегін бағалау және қоғамға үлгі ету – барша азаматтың ортақ міндеті. Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен құрмет волонтёрлерге жаңа серпін беріп, алдағы жұмыстарға ынталандырады. Осы тұрғыда Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жыл волонтёрлерін марапаттау» іс-шарасының маңызы ерекше. Барша волонтёрлерге қоғам игілігі жолындағы адал еңбегі мен жүректеріндегі мейірімі үшін алғыс білдіремін», деді «Жаныңдамын» волонтёрлік ұйымының жетекшісі Мира Есниязова.
«Игі істер марафоны» жобасы да қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Осы жылы отандастарымыз 9 мыңнан аса игі іс атқарып, жобаға 40 мың адам қатысты. 56 волонтёрлік жоба іске асырылып, жергілікті бастамаларды дамыту үшін 60 шағын грант бөлінді. Жылды қорытындылай келе, Қазақстан волонтерлік қозғалысты нығайтуды жалғастыра береді.