Абай гарнизонында еліміздегі бойы ең ұзын сарбаздардың бірі – қатардағы жауынгер Илья Хальчуков әскери борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Илья Петропавл қаласының тумасы, мамандығы – автокөлік жөндеушісі. Оның бойы – 2 метр 10 сантиметр. Отбасында алып адамдар жоқ: әкесінің бойы 1 метр 90 сантиметр болса, анасының бойы – 1 метр 60 сантиметр.
Сарбаздың айтуынша, бойдың ұзындығының кей жағдайда, әсіресе саптық дайындық пен дене шынықтыру нормативтерін орындау кезінде пайдасы бар.
"Мен әрдайым бойшаңдығыммен көзге көп түсем, алайда оны ешқашан мәселе деп санаған емеспін. Әскерде бастысы – сыртқы келбет емес, тәртіп, жауапкершілік және әскери борышты орындауға әзір болу екенін түсіндім", — дейді Илья Хальчуков.
Ведомствоның мәліметінше, әскерде мұндай антропометриялық деректер сирек кездескенмен, әскери қызметші қызмет жағдайына тез бейімделіп, жөндеу ротасында өз міндеттерін сенімді атқарып жүр. Ол әскери техникаға техникалық қызмет көрсетілуіне және оның жарамды күйде болуына жауап береді.
Сондай-ақ Ильяның бойының ұзындығын ескерген бөлім басшылығы да барлық қажетті жағдайды жасаған. Сарбазға әскери киім арнайы өлшеммен тігіліп, аяқ киім жеке тапсырыспен алынған. Ал жатын орны бойына сай бейімделген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "Батыс" өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасында бойы 2 метр 9 сантиметр болатын сарбаз Әлішер Назымбек туралы жазған едік.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз