Банктің инвестициялар жөніндегі директоры Константин Лимитовскиймен эксклюзив сұхбат
24-26 маусымда ҚХР астанасы – Бейжіңде Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің оныншы жыл сайынғы жиналысы өтеді. Банктің портфелінде қазақстандық 7 жоба бар болса, олардың жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларынан астам. Бұл жобалар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басым бағыттар қатарына жатқызған көлік, энергетика және денсаулық сақтау салаларында жүзеге асырылады.

Информбюро порталы осы айтулы шара қарсаңында банктің инвестициялар жөніндегі директоры Константин Лимитовскиймен сұхбат құрды.
– Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) негізін қалаған мемлекеттердің бірі. Он жыл ішінде біздің елдің банк қызметіндегі рөлі қалай өзгерді?
– 2016 жылы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі құрылғаннан бері Қазақстан құрылтайшылардың бірі ретінде оның қызметінде маңызды рөл атқарады. Қазақстан алғашқы күннен бастап орнықты инфрақұрылымға және аймақтық дамуға бағытталған көп жақты институттың маңызын мойындады. Он жылда оның рөлі тек күшейе түсті.
2024 жылы АИИБ және Қазақстан үкіметі инфрақұрылымды орнықты дамытуды жеделдетуге және инклюзивтік экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған 2025-2029 жылдар кезеңіне арналған көп жылдық инвестициялық бағдарламаны бірлесіп әзірлеуге кірісті. Бұл ынтымақтастық экологиялық инфрақұрылымды қолдайтын, әлеуметтік инфрақұрылымның даму деңгейін жоғарылататын, аймақтық байланыстарды және Орталық Азия елдері мен басқа да аймақтардың ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететін инвестициялық жобалардың тиімді әрі сенімді желісін құруға ортақ ұмтылысты көрсетеді.
Қазақстан технологияларды пайдаланып инфрақұрылымды дамыту, жеке капиталды тарту және мемлекет-жеке сектор әріптестігін жасау үшін қолайлы орта құру жолында көш бастап келеді. Осындай жаңашыл бастамалардың қатарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң бойынша қаржыландырылған еліміздегі бірінші аурухана, сондай-ақ маңызды көлік жобалары, соның ішінде сауданың дамуын тежейтін шектеулерді жоюға арналған теміржол айналма жолдары – AИИБ мақтан ете отырып қолдайтын нақты бастамалар.
АИИБ банктің негізін қалаушы мемлекет болып табылатын Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін үнемі көрсетіп келеді.
– Қазіргі уақытта АИИБ портфелінде қазақстандық қанша және қандай жобалар бар? Бізге көлік, энергетика және денсаулық сақтау саласындағы жеті жоба туралы мәлім. Бұл жобалар қалай іске асып жатыр және әзірге жалпақ елге әлі хабарланбаған инвестициялық бастамалар бар ма?
– Қазіргі уақытта AИИБ-нің Қазақстанда көлік, энергетика және денсаулық сақтау саласын қамтитын, жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларынан астам, мақұлданған жеті жобасы бар. Бұл бастамалар сәтімен іске асырылуда, мұның өзі орнықты даму және инфрақұрылымды жетілдіру саласындағы ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге септігін тигізеді.
Бекітілген жобалардан басқа, АИИБ және Қазақстан үкіметі жаңа инвестициялық бастамалар портфелін дамытып келе жатыр. Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан жобалардың қатарында – Алматы теміржол айналма жолдарын салу жобасы, оның арқасында халық көп шоғырланған қала аудандарынан жүк тасымалының қайта бағыттау және аймақтық сауда мен көлік байланысын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын М-32 (Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын) автокөлік жолы учаскесін қайта құру мүмкін болады.
Қарқынды дамып келе жатқан бұл портфель біздің Қазақстанның ұлттық басымдықтарынан айнымастығын және стратегиялық серіктес ретіндегі аймақтағы рөлін көрсетеді. Қазіргі уақытта біз Қазақстанмен автомобиль жолдары мен темір жолдар, денсаулық сақтау (атап айтқанда, аурухана салу), жаңартылатын энергия көздері және қаржы институттарын дамыту сияқты салаларда жаңа жобалар пакетін қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз.
– АИИБ қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген басымдықты бағыттардың бірі – "Каспий жасыл энергетикалық дәлізі" жобасы. Бұл жоба бірқатар өңірлік мәселені шешуге арналған. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз.
– "Каспий жасыл энергетикалық дәлізі" жобасы – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда жаңартылатын энергетика саласындағы трансшекаралық байланыстарды кеңейтуге бағытталған, өзгеріс әкелетін аймақтық бастама. AИИБ жобаны әзірлеудің бастапқы кезеңіне белсене қатысып жатыр және оны қолдауға өте мүдделі екенін танытты.
Дәліз тұжырымдамасында Қазақстан мен Өзбекстаннан Каспий теңізі және Әзербайжан аумағы арқылы Еуропаға жаңартылатын энергияны экспорттауға жол ашатын электр энергиясын жеткізуге арналған инфрақұрылым салу көзделген. Жобаны іске асыру Каспий өңіріндегі "жасыл" энергетиканың ауқымды әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, энергия жүйелерін көміртексіздендіруге, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Жобаға АИИБ қатысуы оның басым бағыттарына, атап айтқанда, орнықты инфрақұрылымды және өңірлік интеграцияны ілгерілету мақсатына толығымен сәйкес келеді. Бұл жоба энергияның "жасыл" көздеріне көшудің және банктің негізін қалаушы бірнеше мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастықтың озық үлгісі болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Қазақстанмен ынтымақтастықты күшейтеді
– Қазақстан президенті үкіметке ұлттық экономикаға жаңа инвестиция көздерін тартуды тапсырды. Қазақстан көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен жетілдіру жобаларын ілгерілетіп жатқаны белгілі. Бұлар – АИИБ қызығушылық танытанын салалар. Жақын арада қандай жаңа жобалар қолдау тауып, банк портфелін толықтыруы мүмкін?
– AИИБ Қазақстанның стратегиялық басымдықтарына сәйкес даму бағдарын анықтауда ұстанымы белсенді екенін көрсетті, ал біз елдегі қарым-қатынасымызды кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін көріп отырмыз. Қазіргі уақытта мақұлдаудан өткен жеті жобаға қоса, біз Қазақстанның инфрақұрылымдық базасын нығайтуға және орнықты экономикалық өсуіне жәрдемдесуге бағытталған бірқатар жаңа бастаманы қарастырып жатырмыз.
Атап айтқанда, біз темір жолдағы тар жерлерді жоюға және басқасына қоса, Алматыдағы теміржол айналма жолдарын салу жобасы мен М-32 автожолының негізгі учаскелерін қайта құруға бағытталған бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Нақтырақ айтатын болсақ, екі бастама да көліктің қолжетімді болуын жақсартуға, көлік инфрақұрылымының өткізу әлеуетін кеңейтуге, сондай-ақ ел іші мен өңірдегі тауар айналымының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, біз үкіметпен жаңартылатын энергетика және әлеуметтік инфрақұрылым саласындағы жобаларға қолдау көрсету мүмкіндігі бойынша тұрақты диалог жүргізіп жатырмыз. Біздің үнемі дамып келе жатқан жобалар желісі арқылы АИИБ жеке капиталды тартуға және мемлекет пен жеке сектор әріптестігін дамыуға әқпал ететін ұзақ мерзімді қаржылық шешімдерді ұсынуға ұмтылады. Біз Қазақстанның орнықты дамуы жолындағы сенімді және икемді әріптес болып қала береміз.
– Биыл Бейжіңде Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің оныншы жыл сайынғы жиналысы өтеді. Кездесуде қандай тақырыптар талқыланады және олардың қайсы Қазақстанға тікелей қатысты?
– АИИБ оныншы жыл сайынғы жиналысы мекеме тарихындағы маңызды кезең болмақ, онда оның он жылдағы дамуы қорытындыланып, орнықты өсудің келесі кезеңінің бағдары белгіленеді. Биылғы жылдың тақырыбы – "Ертеңгі күннің инфрақұрылымы үшін қаржыны жұмылдыру". Осы орайда капиталды тарту, инновацияларды ынталандыру және жасыл, инклюзивті және технологияға бағдарланған инфрақұрылымға инвестиция салу ауқымын кеңейту қажеттілігіне назар аударылады.
Банктің негізін қалаушылардың бірі ретінде Қазақстан пікірталаста белсенді рөл атқарады деген сенімдеміз. Еліміз үшін тікелей маңызы бар тақырыптардың ішінде жаңартылатын энергетикаға жеделдетіп инвестиция тарту, өңірлік байланыстарды нығайту және Қазақстан мен АИИБ тығыз ынтымақтастық орнатқан бағыттардағы мемлекет пен жеке сектор әріптестігін кеңейту бар.
Жеке капиталды тартудың жаңа құралдары мен бастамаларына ерекше назар аударылады, бұл – Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту аясындағы стратегиялық бағыты тұрғысынан алғанда өте өзекті мәселе. Осы жыл сайынғы кездесуде Қазақстан инвесторлардың, саясаткерлердің және даму бойынша әріптестерінің жаһандық аудиториясы назарына өзінің реформалар бағдарламасы мен банктік жобаларды қолдау бағдарламасын ұсынуға мүмкіндік алады.