Түркістан қаласында «Полиция жаныңызда» акциясы өтті. Бұл шарада учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен кездесіп, аумақтағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментнің баспасөз қызметі хабарлады.

Арнайы назар есірткі заңсыз айналымы, киберқылмыс және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске аударылды. Тұрғындар полицияға көшелерді жарықтандыру, аудандарды патрульдеу, бейнебақылау жүйесін орнату және учаскелік инспекторлардың жұмысына қатысты бірнеше сұрақ қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Полиция қызметкерлері барлық өтініштерді мұқият тыңдап, оларды назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Мұндай кездесулер азаматтарға өз мәселелерін ашық айтуға және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, тұрғындар арасында қауіпсіздік пен сенімділікті арттыруға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, жазғы маусымның басталуымен Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шараларды күшейтті. Полицейлер балалар сауықтыру лагерлерінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мысалы, Кентау қаласы маңындағы «Үркер» балалар лагеріне барылғанда, тәртіп сақшылары жасөспірімдерге жол қозғалысы ережелері мен суда жүру қауіпсіздігі туралы кеңестер беріп, тыйым салынған аймақтарда шомылудың қауіпті екенін түсіндірді. Сонымен қатар балаларға спорттық ойындар ұйымдастырылып, қауіпсіздік тақырыбындағы жадынамалар мен спорттық құралдар таратылды. Бұл шаралар кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Полицейлер мұндай іс-шаралар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.