Қаланың көркі саябақ – тек жасыл желек емес, сол ортада тыныстайтын, демалатын, жүздесетін адамдардың үлкен қуанышы. Елорда күні қарсаңында Астанадағы Ахмет Жұбанов пен Тархан Жәнібек көшелерінің қиылысында жаңа саябақ салтанатты түрде ашылды.

Аумағы 7 мың шаршы метр бола­тын саябақта 170 көлікке арналған автотұ­рақ та салынған. Сондай-ақ осы кеңіс­тік жанындағы №5 мектептің кіре­бе­рісі кеңейтіліп, балалардың кіріп-шығуы­на қолайлы жағдай жасалыпты. Әкім­ші­лік тағы дәл осындай бірнеше демалыс аумағын ашуды жоспарлап отыр.

– Бұл жерде шамамен 40 мың адам тұрады. Аудан бойынша 450 тұрғын үй болса, соның басым бөлігі осы орталықта орналасқан. Ескі үйлермен қатар жаңа тұрғын үйлер де бой көтеріп келеді. Мұнда университеттер мен балабақшалар бар. Сондықтан бұл аумақтың жаңаруы – 40 мың тұрғынның қуанышы. Байқоңыр ауданы бойынша биыл осындай 8 қоғамдық кеңістік ашу жоспарланып отыр. Бұған қоса, 88 аула абаттандырылады. Оның ішінде 18-і жаңадан салынатын аулалар, ал қалған 70 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.

Ұлттық домбыра күні қарсаңында өткен бұл іс-шарада республикалық «Күй Анасы» қоғамдық қорының жетек­шісі Төлеген Қуанышев пен «Есіл» университетінің ректоры, профессор Аяп­берген Таубаев арнайы дайындалған домбыраларды елорда жастарына табыстады.

– Бұл – біздің қоғамдық қорымыздың жақсы дәстүрі. Әрбір тағылымды жиында ұлттық аспапты насихаттап, жас ұрпаққа домбыра сыйлаймыз. Мәселен, бүгін осы аумақты абаттандыруға атсалысқан жұмысшының баласына 243-домбырамызды тарту еттік. Осыдан алты ай бұрын бұл жер бос жатқан аумақ еді. Қоғамдық жұмыс жүргізген кезімізде жергілікті тұрғындар осы маңайды абаттандырып, зейнеткерлер мен көп балалы ата-аналар демалатын орынға айналдыру туралы ұсыныс айтты. Біз бұл ойды қолдап, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаға хат жолдадық. Ол бастаманы қабыл алып, Байқоңыр ауданы әкімдігіне тиісті тапсырма берді. Мінекей, екі айдың ішінде бұл аумақ көрікті саябаққа айналды, – дейді Төлеген Қуанышев.