Биыл елімізде қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға 9653 квота бөлінді, деп хабарлайды 24kz.
Оларға мемлекет бір реттік жәрдемақы және үй сатып алуға немесе салуға 4,5 млн теңге береді. Кәсіп ашқысы келетіндерге де қолдау бар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қандасымыз Нажиб Қазақ 2021 жылы Ираннан көшіп келген. Оған мемлекеттен бірреттік көтермеақы мен жаңа үй берілді.
Нажиб Қазақ, Николаевка ауылының тұрғыны:
- Ауа райы күшті. Мына бұлттарының өзі адамның жүрегін жайластырады. Көл десең бар, өзен десең бар, көктем десең көктем бар.
Өз ісін бастап, шаурасын дөңгелетіп отырған жандармен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков кездесіп, өтініш-тілегін тыңдады.
Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:
- Шет мемлекеттерден 1 млн 200 мың бауырларымыз оралып келді. Қазіргі саясат – оңтүстіктен оңтүстікке көш аудару. Мына көшенің өзінде 35 үй деп жатыр. Келгендеріне бәрі риза болып отыр. Бағаны көріп тұрсыздар, мал шаруашылығымен айналысып жатыр.
Кездесуде көшіп келген отбасыларға тұрмыстық техникалар табыстады. Көші-қон мәселесін Тимур Құлыбаевтың «Халық» қайырымдылық қоры да үйлестіреді.
Нариман Әбілшайықов, «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры:
- Біздің «Халық» қайырымдылық қоры осы жұмысты, осы қауымдастықтың жұмысын қаржылай қолдап жатыр. Сондықтан да осы жұмысқа біз де атсалысып, қазіргі кезде осы елге қайтқан азаматтарға, қандастарға сүйемелдеу немесе қандай да бір қаржылық, қаржылық емес көмек қажет, бұның бәрін біліп бірге реттеп, шешіп жатырмыз.
Биыл өңірге 3 мыңға жуық қоныс аударушы мен 175 қандас көшіп келеді деп жоспарланған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов