Еуропа бірнеше жылдан бері көші-қон дағдарысын шеше алмай дал.
Халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша, тек өткен жылы ондаған мың адам Еуропалық Одақ елдеріне және Ұлыбританияға жету үшін Жерорта теңізін және басқа да алыс-жақын жерлерді кесіп өткен.
Мигранттар Еуропаға Сирия, Ауғанстан, Судан, Эритрея және Сомали сияқты елдердегі әскери қақтығыстардан, кедейліктен және климаттық апаттардан бас сауғалап келіп жатыр. Көпшілігі зорлық-зомбылық пен саяси қуғын-сүргіннен қашып, экономикалық тұрақтылық мекенін тапқысы келеді.
2015 жылдан бері Еуропаға бір жарым миллионға жуық адам қоныс аударған.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы:
- Еуропа адамгершілік пен оның шекараларын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауы керек. Біз хаосқа жол бере алмаймыз, бірақ көмекке мұқтаж адамдардан бас тартуға құқымыз жоқ. Сондықтан біз жалпыеуропалық көші- қон саясатын реформалау бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Дағдарыс Еуропалық Одаққа мүше елдер арасында әлі де дау туғызып отыр. Олар мигранттарды өзара бөліп алу және шекараны бақылау туралы ортақ келісімге келе алар емес. Еуроодақ Түркия, Тунис және Ливиямен келісімдер жасаспақ: қаржылай көмек беріп, мигранттар ағынын тежегісі келеді. Кейінгілері есесіне босқындарды кері қабылдауы керек. Бірақ мұндай шаралар әрдайым нәтиже бере бермейді. Көбі бәрібір Еуропаға заңсыз кіруге тырысады.
Михня Куибус, Оксфорд Университетінің зерттеушісі:
- Қатаң шекаралық бақылауда ұстау – шешімнің бір парасы ғана. Көші-қонды реттеу үшін заңды және қауіпсіз жолдар құру қажет. Біз қазір босқындардың теңізге батып кетіп жатқанын немесе балама жолдардың болмауына байланысты адам ұрлығының құрбаны болғандарды да көріп жүрміз.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропадағы мигранттардың шамамен үштен бірі босқындар, қалғандары экономикалық мигранттар деп саралайды. Кәрі құрлық тағы бір сынаққа тап болды. Ол климаттық көші-қон. Африка мен Оңтүстік Азиядағы құрғақшылық, су тасқыны және табиғи ресурстардың жетіспеушілігі ондаған мың адамды басқа елдерден пана іздеуге мәжбүр етіп отыр.
Ғалымжан Қараманұлы