Қазақстанның Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен шаһарда Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж салтанатты жағдайда ашылды.

Дәстүр бойынша мерекелік іс-шара Кеңес Одағының батыры генерал-майор Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқ­тарын қоюмен басталды. Содан соң аты аңызға айналған әскери қолбасшыны бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұған оқу орнының жеке құрамы, жергілікті әкімдік қызметкерлері мен қоғам белсенділері, сондай-ақ қарулы күштер ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Әрі қарай Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Д.Қосанов пен қала басшысы Ғ.Сыздықбеков оқу ғимаратының басты кіреберісінде қызыл лентаны қиды. Осынау салтанатты рәсімді әскери оркестр музыкамен сүйемелдеп тұрды. Қорғаныс саласына жауапты министр салтанатты іс-шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтады.

– Жаңа колледж батылдықтың, әскери борышқа адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің өнегесі болған даңқты командир, кеңес одағы тұсындағы тұңғыш қазақ генералы Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Сабыр Рахымов – абырой мен батыл­дықтың биік үлгісін көрсеткен қазақ­тың перзенті. Сендер оқитын орынға ерекше міндет жүктелген. Ол міндет – қиын жағдайларда жылдам шешім қабылдай алатын, кәсіби қабілеті жоға­ры және әрбір ісін жауапкершілікпен атқа­ратын білікті сержанттарды даярлау. Гарнизонның әскери қызметшілеріне жан-жақты көңіл бөлгені, қолдау көрсеткені және әскери бөлімдер мен мекемелерді абаттан­дырып, әлеуметтік қамсыздандыру мәсе­лесіне жіті назар аударғаны үшін Шымкент қаласы әкі­міне шынайы алғы­сым­­ды біл­ді­ре­мін, – деді авиация генерал-лейтенанты Д.Қосанов.

Қорғаныс министрі ризашылығын білдіру мақсатында Ғабит Сыздықбековке «Ел қорғаны» салалық медалін табыс етті. Министр оқытушылар мен командирлерге арнаған сөзінде тәрбиеленушілерге кәсіби дағдыларды үйретіп қана қоймай, олардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтар, ұлттық рухты және патриотизмді сіңіруге талпыныңдар деп атап өтті. Сондай-ақ ол болашақ сержант­тар­ға мықты денсаулық пен оқуда озат болуды және тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі жолында толағай табыстар мен биік мақ­сат­тарға жетуді тіледі.

Ашылу салтанаты барысында әскери колледж ұланы Сабыр Қошқарбай сөз сөйлеп, студенттердің алаңсыз білім алуына жасалған жағдай үшін басшылық құрамға алғысын біл­­дір­­ді. Әскери мамандықты игеруге бел буған курстастары да оның сөзін қостай жөнел­ді.

– Әскери маман болу менің бала кезден арманым еді. Сондықтан осы оқу орнына түскенде қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей қалды. Ең таңдаулылар түскен колледжде енді сабақты жақсы оқуымыз керек. Ата-анамыздың үмітін ақтап, ел қорғайтын нағыз әскери маман болып шығамыз деген үміттеміз. Сол үшін оқу орнының ішкі тәртібін бұзбай, жақсы білім алып, ұстаздардың айтқанын бұлжытпай орындаймыз. Еліміздің дамуы жолында әркім шамасына қарай еңбек етіп жатыр. Әр саладағы мамандардың жұмысы туған жерді түлетуге үлес қосып жатыр деп есептеймін. Соның ішінде қызметі Отан қорғауға арналған мамандардың еңбегі ерекше деп білемін. Олар әрдайым елі мен жері үшін жанын бірінші қиюға даяр тұрады. Әскери адамның қызметі сонысымен де қадірлі, – деді С.Қошқарбай.

Осыдан кейін білім ұясында ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі өтті. Колледждің жеке құрамының салтанатты шеруі мен әскери техниканың үлгілері қойылды. Сондай-ақ алаңда қоян-қолтық ұрыстың тәсілдері көрсетілді. Ұландармен болған кездесуден соң қонақтар оқу ғимаратын, казарма, кітапхана, мұражай, асхана, спорт залы мен стадионды аралап шықты. Әскери оқу ордасының материалдық-техникалық базасы талапқа сай екеніне көзі жеткен қонақтар мұндай білім ұясы еліміздегі бірегей оқу орындарының бірі деп мақтанышпен айтуға болатынын жеткізді. Расында да, жас әскери сарбаздардың сапалы білім алуына мұнда бар жағдай жасалған. Колледжде дене тәр­биесі жаттығуларына да ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан спорттық құрал­дар­дың барлық түрімен қамтамасыз етілген. Арнайы дәрігерлер студенттердің ден­сау­лық жағдайын жіті қадағалап отырады.

Әскери қызметкер тек физикалық тұр­ғыдан мықты болумен қатар атыс қару­ла­рын жақсы меңгерген, ой-өрісі дамыған зерек адам болу керек. Осы жағынан келгенде оқу орнында шәкірттердің білім алуы­на, қарулы күштер техникасының тілін біліп, ұрыс жүргізудің тәсілдерін үйренуге барынша жағдай қарастырылған. Бұл – бірінші кезекте білікті ұстаздардың беретін арнайы дәрістері. Олардан тәлім алған студенттер келешекте нағыз білімді әскери қызметкер болып шығады. Өз кезегінде ұстаздар шәкірттерге сабақты барынша қызықты өткізуге тырысады. Сол үшін арнайы оқыту тәсілдерін қолданып отыр. Білім алушыларға түсінікті болу үшін көрнекі құралдарды да көбірек пайдаланады. Ол жас сарбаздың өтілген сабақты тез ұғынып, түпкі мәнін түсіну үшін керек. Екіншіден, колледжде бай кітапхана қоры бар. Ол жерден әскери саладағы оқулықтардан бастап түрлі жанрдағы әдебиет­терді табуға болады. Студенттер анда-санда көркем әдебиетті де қолына алып, рухани сусындап тұрады. Болашақ әскери қызметкер бір жақты емес, жан-жақты ойлай білетін, көзі ашық көкірегі ояу азамат болу үшін көп оқып терең білім алу қажет. Осы тұрғыдан алғанда колледжде шәкірттердің зейінін ашып, оқуға деген ынтасын арттыруға әскери педагогтер тарапынан көп жұмыс жасалып жатыр. Келешекте оқу ордасын тәмам­даған түлектер еліміздің әскери саласын нығайтуға, қорғаныс күштерін берік етуге аянбай үлес қосады.

Айта кету керек, әскери колледж тех­ника­лық және кәсіптік білім беру бағ­дар­ламасы бойынша кіші командалық құрамды даярлайды. Оқу мерзімі 2 жыл 10 айды құрайды. Осы мерзім аралығында жасұландықтар мотоатқыштар, танк, зымыран және артиллериялық бөлімшелерді басқару мамандықтары бойынша диплом алып шығады. Колледжді сәтті аяқтаған түлектерге кіші сержант әскери атағы беріледі. Әскери колледжге 15 пен 17 жас аралығындағы еліміздің кез келген азаматы қабылданады. Осы жылы конкурс нәти­­жесінде генерал Сабыр Рахымов атын­да­ғы әскери оқу ордасына 168 жас талапкер қабыл­­данды.

Жұмыс сапары аясында Қорғаныс министрі Шымкент гарнизонында жауын­гер­лік дайындық пен қызмет жағдай­ларын тексерді. Авиация генерал-лейтенанты Д.Қосанов Шымкенттегі бірқатар әскери бөлім­дер мен мекемелер­­ді аралап, олар­дың қызметімен, инфрақұры­лы­мы­мен және әскери қызметшілерге жасал­ған жағ­дай­мен танысты.

2 қыркүйекте елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталғаны белгілі. Осыған орай министр қалалық шақыру пунктіне барып, әскерге шақырылушылардың жағдайы қалай екенін, медициналық комиссиядан өту тәртібін зерделеді. Сондай-ақ алғашқы шақырылушылар мен Қарулы күштердің ардагерлерімен сұхбаттасты. Қорғаныс саласының басшысы Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің инфрақұрылымында болып жауынгерлік дайындық деңгейін бағам­дады. Оқу-жаттығу кешенінде министр ғимаратты шабуылдау мен қала жағ­­дайында ұрыс қимылдарын жүргізудің әдіс­терін тамашалады.

Қалалық аумақтық қорғаныс бригадасында министрге резервтегі әскери қызмет­­шілерді қайта даярлау іс-шара­сының орындалуы жөнінде баяндалды. Сала басшысы тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған инфрақұрылыммен, соның ішінде арнайы шабуылдау жолағымен танысып шықты. Д.Қосанов өз сөзінде мұндай жаттығулардың жеке құрамның кәсіби дайындығын арттырып, күрделі жағдайларда үйлесімді әрі тиімді әрекет етуіне ықпал ететінін атап өтті.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің ең ірі құрамаларының бірі – механикаландырылған бригадада министр мерзімді әскери қызметшілерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдай­лар­ға ерек­­ше назар аударылғанын көзбен көрді. Мәселен, сарбаздар жеке гигие­­на­лық құралдармен толық қамта­­масыз етілген. Әрбір шағын жиһазда қа­жет­­ті заттардың толық жиынтығы сақ­талған. Сонымен қатар еліміздің қор­ғаны­­сына жауапты сала басшысы жеке құрам­ды ме­дициналық қамтамасыз етуді ұйым­дас­ты­ру­дағы оң тәжірибеге де ерекше тоқ­талып өтті.

Әскери мамандардың айтуынша, бөлім­де әрбір сарбазға арналған жеке меди­­­ци­налық карта жүргізіледі. Онда ден­сау­лық жағдайы туралы барлық мәлі­мет тіркеліп отырады. Бұл жүйе сарбаз­дардың қажеттіліктерін анықтап, оларды тиісті дәрі-дәрмекпен уақтылы қам­та­ма­сыз етуге мүмкіндік береді. Министр төтенше жағ­дайлар кезіндегі алғашқы меди­ци­налық көмек көрсету дағды­ларының маңыз­ды­лы­ғы айрықша екенін жеткізді.

Сонымен, іссапар қорытындысында Қорғаныс министрі мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды сапалы іріктеу мен жеке құрамды оқыту және жауынгерлік дайын­дық әдістерін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.