Кейінгі уақытта жаһанда саясаткерлер мен ірі медиакомпаниялар жиі соттасып жатыр. Бірі жалған ақпарат таратты десе, енді бірі беделін қорғап әлек. Бұл үдеріс сөз бостандығын тежеу әлде біреулердің аузына қақпақ қою ма? Әлде мәселе басқада ма?

Әлемдегі сөз бостандығы кейінгі жарты ғасырдағы ең бейшара халге түсті. RSF ұйымының жаңа есебінде әлем елдерінің жартысынан астамында алғаш рет медиадағы ахуал өте ауыр деп бағаланды. Бұл — бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Ұйым сарапшыларының айтуынша, журналистерге жасалатын шабуылдың ең көзге түсетін түрі физикалық қудалау болғанымен, ең жасырын әрі қауіпті соққы – экономикалық қысым екені сезіледі. Жарнамадан түсетін табыстың азаюы, қаржылық демеушілер мен билікке тәуелділік – журналистика құндылығын құлдырататын басты факторға айналған. RSF мұны «көрінбейтін тұсау» деп сипаттайды. Әлемдік баспасөз еркіндігін өлшейтін бес көрсеткіштің ішінде ең әлсірегені – дәл осы журналистиканың қаржылық жағдайы. Бүгінде тарихтағы ең төменгі деңгейге түскен.

Энн Боконде, RSF редакциялық директоры:

- Бүгінгі медиакеңістікте еркіндік пен тәуелсіздікті сақтап қалу үшін тұрақты әрі ашық қаржылық жағдай қажет. Сенімді ақпарат – қымбат дүние. Экономикалық тәуелсіздік болмаса, еркін баспасөз де жоқ. Ақпарат құралдары қысымға ұшырағанда, сапа емес, сан қуалауға мәжбүр болады.

Дереккөз: World Press Freedom Index – 2025

Бүгінгі күні баспасөзге әсер ететін сын-қатерге жасанды интеллект те кіреді. БҰҰ бас хатшысы ескерткендей, Deepfake, жалған аудио мен видео, бұрмаланған дереккөздер қоғамды шатастырып, журналистикаға деген сенімге сызат түсіруі мүмкін.

Андреа Хикерсон, Миссисипи университетінің Журналистика және жаңа медиа мектебінің деканы:

- Журналистердің ең үлкен міндеттерінің бірі – ғылыми деректерді халыққа дұрыс жеткізу. Жасанды интеллект мұны жеңілдеткенімен, қауіп те көп. ЖИ қысқаша мазмұндамада қателесуі мүмкін, кейде тіпті жалған қорытынды да береді. Сондықтан журналистер өте мұқият болуға тиіс.

Сарапшылар баспасөзді қорғау үшін мемлекеттердің саяси еркі жеткіліксіз дейді. Ақпараттық майданда жаңа технологиялық шешімдер қажет. Өйткені әлем шындық пен жалғанды ажырата алмайтын ақпараттық хаосқа тап болуы мүмкін.

Авторы: Әйгерім Ардаққызы