Алматыда Димаш Құдайбергеннің фан-кездесуі өтіп жатыр. Кездесу барысында ол Нью-Йорктің әйлігі Madison Square Garden кешенінде Stranger концертін өткізетінін жариялады, деп хабарлайды Kazinform.
Концерт биыл 5 қарашада өтеді деп жоспарланған. Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Stranger туры Барселона, Берлин, Лондон, Рига қалаларында өтетіні хабарланған болатын.
Сондай-ақ "Балқадиша" әнін татамиде орындап әлеуметтік желіде танымал болған Иса Бекболат Димаштың арнайы шақыртуымен өнерпаздың бүгінгі фан-кездесуіне келді. 14 жастағы Иса алғаш рет үлкен сахнада — Almaty Arena-ға жиналған 8 мыңнан астам адамның алдында ән салды. Димаш Құдайберген жас өнерпазға өзінің ақ-тілегін айтты.
Сондай-ақ Димаш кездесуде Қытай телеарнасы көрсететін әншілер байқауының продюсері болатынын хабарлады.
Одан бөлек әнші Алматыда өткен фан-кездесуінде жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап берді. Димаштың фан-кездесуіне 40-тан астам елден жанкүйерлер келген.
Осы айда Димаш Құдайберген белгілі қазақ ақыны әрі жазушысы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірілген жаңа бейнебаянның тұсауын кесті.