Аягөзде әлеуметтік үйлерді жекешелендіру мәселесі заң аясында шешіледі, деп хабарлайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аягөздегі 267 тұрғын үй әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы, толық емес отбасыларға берілген. Дегенмен биыл бұл үйлерді жекешелендіруге байланысты қиындықтар туындаған. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасы бойынша облыстық жұмыс тобы құрылды. Бүгін жұмыс тобының мүшелері аудан тұрғындарымен кездесіп, заң аясында атқарылатын шараларды егжей-тегжейлі түсіндірді.

Абай облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Мейіржан Қалиасқаровтың айтуынша, мәселе жер учаскелерінің құқықтық рәсімделмеуінен туындаған.

Фото: Абай облысының әкімдігі

"Ең бірінші Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жерге деген меншік құқығы және үйге деген меншік құқығы бір-бірінен ажыратылмайды. Ал берілген үйлердің жерлеріне қатысты кадастрлық төлемдер мемлекетке төленбеген. Бұл тұрғындардың емес, үйлерді салған және сатқан кәсіпкерлердің тарабынан кеткен заңбұзушылықтар", — деді Мейіржан Қалиасқаров.

Оның айтуынша, ендігі кезекте кәсіпкерлер мен аудандық әкімдік бірлесе отырып, ортақ шешім қабылдауға тиіс. Әрбір жер учаскесі бойынша кадастрлық төлем көлемі 300 мыңнан 700 мың теңгеге дейін.

Меиржан Калиаскаров
Фото: Абай облысының әкімдігі

"Егер кәсіпкерлер өз еріктерімен төлем жасамаса, уәкілетті органдар сотқа жүгініп, төлемді мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады. Бірақ тұрғындар алаңдамасын – ешкім үйінен қуылмайды. Тек жекешелендіру рәсімі 1-2 айдың ішінде шешімін табады", — деп нақтылады Мейіржан Қалиасқаров.

Аягөз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Күмісхан Қыдырмолдина билік өкілдерінен бұл мәселенің тезірек шешілуін сұрады.

Аягөзде әлеуметтік үйлердің жекешелендіру мәселесі заң аясында шешіледі
Фото: Абай облысының әкімдігі

"Мен жаңа жиналысқа қатыстым. Прокуратура, аудандық әкімдік, облыс әкімінің орынбасары болды. Біздің аналардың бар тілегі – үйлерді жекешелендіріп, жер мәселесін заңды түрде шешіп беру. Қараша айына дейін шешіледі деді, соны күтеміз", — деді ол.

Берик Уали
Фото: Абай облысының әкімдігі

Облыс әкімі Берік Уәли бұл мәселені қараша айының соңына дейін толық шешуді тапсырды. Жұмыс тобы осы уақыт ішінде тұрғындардың өтініштері мен құжаттық рәсімдерін заң шеңберінде реттейтін болады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз