Алматы қаласында "Таза Қазақстан " республикалық бағдарламасы аясында жасыл желектерге биологиялық өңдеудің бірінші кезеңі аяқталу сатысында. Өңдеу жұмыстары 20 сәуірде басталып, 30 мамырға дейін жалғасады. Ғалымдардың ұсынымы бойынша бірінші кезеңде емен ағаштары төрт рет, ал теректер екі рет өңделеді.

Іс-шаралар ағаштардың жағдайын жақсарту, оларды зиянкестерге төзімді ету және қаладағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жүзеге асырылуда.

Өсімдіктерді өңдеу
Фото: Алматы қаласының әкімнің баспасөз қызметі

Жиенбаев атындағы ғылыми-зерттеу институтының бөлім жетекшісі Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, қолданылып жатқан биологиялық препараттар мұқият іріктеліп, тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденген. Оның айтуынша, бұл құралдар зиянкестерге ғана әсер етіп, қаланың экожүйесіне зиян келтірмейді.

Өсімдіктерді өңдеу
Фото: Алматы қаласының әкімнің баспасөз қызметі

"Бұл – қоршаған ортаға залал келтірмейтін, сонымен қатар жасыл желектерді қорғаудың тиімді тәсілі", — деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, өңдеу жұмыстары түнгі уақытта жүргізіледі. Бұл кезде күн сәулесінің болмауы препараттардың баяу сіңіп, зиянкестерге ұзақ әсер етуіне мүмкіндік береді.

Өсімдіктерді өңдеу
Фото: Алматы қаласының әкімнің баспасөз қызметі

Биылғы жылға арналған өңдеу жоспары жалпы пайдаланудағы аумақтарда орналасқан 2,3 миллионнан астам жасыл желекті қамтиды. Жұмыстар пестицидтерді өндіруге және қолдануға рұқсаты бар мердігер ұйымдар тарапынан төрт кезең бойынша жүзеге асырылады:

  • II кезең: 1 маусымнан 30 маусымға дейін екінші өңдеу;
  • III кезең: 5 шілдеден 5 тамызға дейін үшінші өңдеу;
  • IV кезең: 15 тамыздан 20 қыркүйекке дейін төртінші өңдеу.
Өсімдіктерді өңдеу
Фото: Алматы қаласының әкімнің баспасөз қызметі

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Миржан Багатиев өңдеу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, барлық кезеңдер ғалымдардың ұсынымдары мен ауа райының ерекшеліктері ескеріле отырып жоспарланады. "Біздің басты мақсатымыз қаланың жасыл қорын сақтап, нығайту, экологиялық тепе-теңдікті бұзбай жүзеге асыру", — деді ол.

Өңдеу барысында еліміздің климаттық жағдайына бейімделген, адамдарға, құстар мен жануарларға зиянсыз, рұқсат етілген сертификатталған биологиялық, ал кей жағдайларда төмен қауіптілік класындағы (П-4) химиялық препараттар қолданылады.