Алматы облысының Балқаш ауданында су тапшылығы мәселесін шешу бағытында ауқымды жобалар қолға алынды.

7700 гектарға күріш еккен шаруалар биыл да судың жеткіліксіздігін сезінген. Бұл мәселе облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің аудан халқымен өткен есептік кездесуінде талқыланды. Жиында сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңарту және әлеуметтік нысандар салу жоспары да таныстырылды.

Биыл Балқаш ауданында күріш жинау жұмыстары аяқталуға жақын. 7718 гектар алқапқа дән сепкен 34 шаруа қожалығы өз өнімдерін жинауда. Жаз бойы Қапшағай су қоймасынан Іле өзеніне секундына 750 текше метр су жіберіліп отырды. Соған қарамастан егін еккен шаруалар қосымша бөгет салу мәселесін көтерді.

Тынышбай Досымбеков, аудан тұрғыны:

– Мен сонау 2014 жылдан бері осы Іледен бөгет салып, суды былай қарай шығару мәселесін көтеріп келе жатырмын. Бір жағына шығарсақ, не салайық, не болмаса салмайық. Дұрыс болмаса дұрыс емес дейік, дұрыс болса дұрыс деп осыны жылдамдатпасақ, келесі жылдары жағдай бұдан да қиындайды.

Аймақ басшысы бұл мәселенің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтты. Облыс әкімдігі су шаруашылығын жақсарту бойынша арнайы жоспар әзірлеп, жобаларды халықаралық қаржы институттарымен бірлесе жүзеге асыруда.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

– Жалпы төменгі ауылдарда, осы жердегі сияқты бұл жерде су мәселесі толық шешілген. Жоғары жақта 3000 гектардың мәселесі бар, ол биылғы жылы жаман емес. Әрине оны күрделі түрде шешу үшін бұл жерде бағанағыдай бөгеттер, плотиналар салу керек. Оған біз өзіміз бөлек жоспар жасағанбыз былтыр, қазіргі күні министрлік арқылы Ислам даму банкімен жұмыс істеп жатырмыз. Олар ондай плотинаны қолайсыз, өйткені су ағызып кетуі мүмкін, егер су деңгейі көтерілсе. Сол себептен оны салған соң капитально бетонный салайық деп жатырмыз.

Әкімнің айтуынша, Балқаш ауданында агросекторды қолдау шараларымен қатар, жолдарды жөндеу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасады. Алдағы уақытта мектеп, спорт кешені және демалыс аймақтары салынып, туризм әлеуетін арттыру көзделген. Жиын барысында тұрғындар көтерген барлық ұсыныстар қаперге алынды.

Гүлім Советқан, Аят Дуйсембай