Қарағандыда 22 жастағы Алика Мұхамадиеваға қатысты сот процесі басталды. Ол әлеуметтік және ұлттық араздықты қоздырды деген айыппен жауапқа тартылуда. Басты сот талқылауы Қазыбек би аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында өтіп жатыр. Істі судья Арғын Құтышев қарауда.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың жазында Алика Мұхамадиеваның Threads желісіндегі жазбалары қазақстандықтарды қорлайтын сөздер бар деген шағымдардан кейін, ол шілде айында шет елге қашып бара жатқан жерінен ұсталып, қамауға алынып, іс материалдары тергеу органдарына тапсырылған болатын.

Бұған дейін айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, сөздері контекстен үзіп алынғанын айтып, көпшілік алдында кешірім сұрап, ешкімнің намысына тию ниеті болмағанын мәлімдеген еді.

Бірақ, оған екі ай қамау жазасы қолданылды. Қылмыстық іс қозғалы, ол 3 қазанда сотқа түсті. Аликаға Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 1-бөлігі бойынша — «Әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» айыбы тағылды.

Сот процесінің басында прокурор Фарида Садуова істі жабық режимде өткізуді сұрады. Бұл өтінішті айыпталушы мен қорғаушы тарап қолдады. Алайда сот Арғын Құтышев өтінішті қанағаттандырмай, сот ашық өтетінін айтты. Тек қана, айыпталушының жүзін фото және бейнетүсірілімге түсірмеу туралы өтінішті қанағаттандырды.

Сотта Алика Мұхамадиева кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Ол жылап, істеген ісінің салдарын енді ғана түсінгенін бірнеше рет қайталады. Тергеу изоляторында жатқанда қазақ халқының тарихымен, діни дәстүрімен танысқанын, бір ай бұрын әжесі қайтқанын, содан өзінің депрессиялық көңіл‑күй жетегінде кеткенін, кішкентайын сағынатынын айтып, кешірім етуді сұрады...

Алика Мұхамедиеваның қылмыстық ісі желіде қызу талқыланды:

Кейбір оқырмандар: «Оған колонияда қазақ халқының тарихын, дәстүрін және тілін терең үйрену міндеттеліп, сосын оны кешіріп, шартты түрде босатуға болады. Қазақстанда халықтар арасында достық, төзімділік және дінге құрмет болуы тиіс, бірақ сонымен бірге, басымдық қазақ дәстүрі мен мәдениетіне берілуі қажет. Теңдік – қазақтарды қорлауға рұқсат деген сөз емес» ‑ деді.

Енді біреулері: «Отпен ойнауға болмайды. Кез келген мемлекет, ұлт, тіл, дін мен мәдениет құрметке лайық. Өз ережеңмен бөтеннің үйіне кірмеу керек» деген нақты талап қойды...

Шынында да, қазіргі күрделі заманда кез келген ұлтаралық кемсіту, не астамшылық айту құрғақ шөпке от жаққанмен бірдей – өрт лау ете қалуы мүмкін, өрт болып жатқаны да белгілі... Сол себепті, осындай әрбір мойындалған қылмыстық іс заңды бағасын алу керек – Әділетті Қазақстанның ұстанымы сондай!