Қайтарылған активтерді басқаратын компания бұған дейін тәркіленген мүліктерді, соның ішінде сәнді сағаттар, зергерлік бұйымдар мен аксессуарларды сатылымға шығарды, деп хабарлайды Kazinform.

Аукционда құны 520 млн теңгеден асатын 42 сәнді зат сатылымға шығарлған. Әлемдік брендтер жасаған зергерлік бұйымдары мен сағаттардың дені өз сатып алушыларын таппады.

Сатылған жалғыз мүлік — Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің үйінен тәркіленген "қынабы бар самурай қылышы" болды. Ол 540 мың теңгеге сатылды.

Мәсімовтің аукционға қойылған қылышы. Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Бұған дейін аукционда қылыштар, монеталар және басқа да қайтарылған активтер 10 млн теңгеге сатылған болатын.

Сонымен қатар биыл 10 ақпанда Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы 1,8 млрд теңгеге аукционға шығарылған еді.

Алайда 25 ақпанда өткен аукционда Мәсімовтің сарайын ешкім сатып алмады. Наурызда сарай қайта сатылымға қойылды.

Ақыры Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы Оқу-ағарту министрлігіне берілгені белгілі болды.

Еске сала кетейік, 6 қаңтар күні ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімовтің қызметінен кеткені белгілі болды.

Кейіннен БАҚ беттерінде Мәсімовтің ұсталып, тергеу изоляторына қамалғаны хабарланды. Оған мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылды.

2022 жылдың тамызында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК бұрынғы басшылығына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Қарашада Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларының ісі сотқа жіберілді.

2023 жылдың 24 сәуірінде оларға қатысты сот үкімі шығып, Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз