«Жүрек – жан айнасы. Бірде күйіп, бірде жанған жүректе тағдыр ізі сайрап жатыр» деп жазыппыз. Көңілге түйген ойларды тізбектеген көк дәптерге. Бұл жолдар Түркістан мен Шымкент өңіріндегі журналист қауымның төбе биі атанған, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбекпен әңгімеден кейін жазылған еді.

Руханиятқа елеулі еңбек сіңірді

Облыс телеарнасының негізін қалаған, өзінің еңбек жолы бас­талған сүйікті «Оңтүстік Қазақ­стан» газетінде, облыс әкім­дігінде жауапты қызметтер атқарған, зейнеткерлікке шық­қан­нан кейін де «Аталар сөзі», «Біздің жанұя» деп аталатын жекеменшік газеттерде еңбек етіп, қоғамға бар күш-қуатын сарқа жұмсаған Байдулла Қонысбекпен сол күнгі әңгімені үйге келісімен көк дәптерге түсіргенбіз. Журналистика жолын­дағы алғашқы сұхбат­та­рымның бірі де осы Байдулла Қонысбекпен болған еді. Бер­тініректе Журналистер одағының облыстық филиалын басқарған кезімде де іс-шараларды ұйымдастыруға қатысты Байекеңнің кеңесіне жүгінген сәттер де болды. Кейде шақырып алып, қазақ журналис­тикасына қатысты ой-пікірімен бөлісетін, ұсыныстарын айтып отыратын. Өзі де осы қоғамдық ұйымға кезінде көп жылдар бойы біліктілікпен басшылық жасаған азамат қой. Сол кездесулерде, еркін әңгімелесу барысында журналист Байдулла Қонысбектің еңбек жолында жүрегін ауыртқан жайттар аз болмағанын аңғарған едім.

…Университетті енді бітіріп келген Байекең «Оңтүстік Қазақ­стан» газетіне аудар­машы болып орналасқан. Ол уақытта газет редакторы Әсет Тілеукеев Мәскеуде емделіп жатқан екен. Бұрын үш жыл қатарынан өндірістік тәжірибеден өткен жас Байдулланы редакция ұжымы жақсы таниды. Содан болса керек, оны редактордың орнында қалған Өскенбай Әмзеев пен тағы бір орынбасары Әлім Тұяқбаев қызметке қабылдаған. Содан «газеттің жүрегі» саналатын секретариаттың жұмысына жас маман кірісіп кеткен. Сөйтіп, ол 1966 жылдан 1985 жылға дейін 19 жыл бойы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет етті. Осы уақыттың бес жылы секретариатта өтті. Бес жыл совет құрылысы бөлімінің бастығы, тоғыз жыл жауапты хатшы болып, 1985 жылдың сәуірінде обкомға ауысты. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

«Облыстық партия комитетi бюро­сы­ның шешiмiмен облыс­тық телерадиокомитетке 1987 жылдың қараша айында басшы болып тағайындалдым. Ол кезде отыратын орнымыз Төреқұлов көшесiндегi облыстық радио­ның кеңсесi. Әбден тозығы жеткен. Құрал-жабдық, техника дегенiңiзден жұрдай. Iлдебайлап, айлығымызды алып, радиодан 45 минут хабар таратып күнелтуге арым жiбермедi. Телеарна ашу күндiз-түнi ойымнан бiр кет­­педi. Осы бiр арманымды айтып облыстың сол кездегi басшысы Валерий Темiрбаевқа кiрдiм. Ол кезде бес облыстан басқа облыстардың бәрiнiң телеарналары болатын. Соны айта келiп, халқы көп, iргелi өңiр ретiнде бiзде де облыстық телеарнаның болуы керегiн түсiндiрдiм. «Мәселенi дұрыс көтерiп отырсың, бiрақ оны қалай құрамыз? Керек құрал-жабдықты қайдан табамыз? Сол жағын нақты шешiп кел» дедi бiрiншi хатшы. Мақсатыма жеткендей қанаттанып шықтым. Ол кезде ғимараттың iшi-сыр­тын жөндеуден өткiзiп, қор­шауларды бекiтiп, бiраз тәртiп орнатқанбыз. Ташкенттегi байланыс институтымен хабарластым. Барып-қайтуыма да тура келдi. Телеарна ашу үшiн керектi құрал-жабдықтардың түрлерiн, тiзiмiн, сметалық-жобасын жасаттым. Ол кезде сметалық құны 3 млн рубльден бiр тиынға асатын болса, ол жобаны мақұлдау, бекiту мәселесi Мәскеуде қаралатын. Ал біз Ташкентке барып жасатып келген жоба тұп-тура 3 млн сомға лайықталған. «Өзiмiзде-ақ шешiлетiн мәселе болды-ау» деп қуанғанмен, облыс басшысы ауысып, өзге де қаржылық, экономикалық қиындық тiзбек­­­теле бастады. Сөйтіп, «телеарна ашсам» деген арманды уақытша ұмыта тұруға тура келдi», дейді Байдулла көкем өткен күндерді еске алған бір сұхбатында.

Бiрақ алға қойған мақсатын қалай да жүзеге асыру жолында талмады, табан­дылық танытты. Ұйқысыз түндер, тынымсыз шапқылап талай есікті ашқан күндер болды. Жүрекке түскен салмақтың бірі де сол кездері болса керек. Қаржы табылып, мәселе шешілді-ау дегенде техниканың тілін білетін маман табу қиындығы алдынан шығады. Журналист болғанмен, телевизия iсiнде тәжiрибесі жоқ, сала техникасынан хабарсыз Байекеңнің ендiгi бас ауруы осы болды. Дегенмен маманның бойындағы адами қасиетті бағалайтын Байдулла Қонысбек бұл мәселені де жолын тауып оң шешті. «Мен әрбiр маманды іздеп жүріп, басшыларымен келісе отырып жинадым. Ал маған сенiп келген сол мамандар қиын кезеңде, айлық-жалақы алмаған шақтарда тағы да сол зауыт басшылары мен қалталы бизнесмендерге барып, демеушiлiк көрсетуiн сұранып, бәрiн де сақтап қалуға тырыс­тым», дейді Байекең.

Байдулла Қонысбек басқар­ған 1987–2002 жылдары аптасына жетi күн бiр сағаттық бағдарламамен эфирге шыққан облыстық телеарна бiртiндеп өз ауқымын кеңейттi. Тәулiгiне 18 сағаттық көрсетiлiм болған шақтар әлi есте. «Бетпе-бет» бағдарламасы арқылы келелi мәселелердi қозғап, «Жүз­десу», «Шарайна» сынды хабарлар көрермендi көп жинауы­мен ерекшелендi. Бүгiнде елге танымал сатиралық театр­лар «Шаншар» мен «Алдарас­пан­ның» негiзi дәл осы облыс­тық телеарнада қалан­ған, алғашқыда сатиралық телебағ­­дар­лама болып көрерменге көрсетiлген еді. Аға буын, замандастары жазғандай, сол кезеңдердегі облыстың руханиятын Байдулла Қонысбековтің бейнесінсіз елес­тету мүмкін емес-ті.

Журналиссимус

Аға буын демекші, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, түркі жұртының да сүйікті жазушысына айналған рухани тұлға, көркем сөздің хас шебері, көсемсөзде көш бастаған Мархабат Байғұт әзіл-қалжыңы жарасқан аға-досы Байдулла Қонысбек туралы көп жазды. Мархабат көкемнің өз сөзімен айтсақ: «Қарашаңырақ «Оңтүстік Қазақстанда» отыз жылға жуық орасан зор тер төккеніңізді, облыстық телеарнаны ұйымдастырудың азабын тартып, тозағын көріп, ғажабын бас­тан кешкен он бес жылдық ерен еңбегіңізді, журналистердің Байдулла биі ретінде жас­тарды тәрбиелеудегі тағлымдарыңызды, Мөңке би­дің ұрпағы ретінде Маржан шешейдің арқасынан түспей шолжаңдай өсіп, еркелеймін деп есектен құлап, қисайыңқырап біткен сол қолыңыздың қаншама пайдасын сипаттағанымыз, ақ­жүректігіңізді айқын аңғар­татын қолы­ңызды қалай ұсына­ты­ныңызды суреттегеніміз, сөйтіп, қос қолыңызды да «клас­си­калық қолдар» қатарына қосып, «журналиссимус» атағын бергеніміз – бәрі-бәрі жұрт жадында». Мархабат көкем Байекең алпысқа толғанда «Сол қол» деген тақырыппен баян­дама жасаған, ал пайғамбар жасын атап өткенінде «Оң қол» деген мақала жазды. «Сол қолының сынғанын, әжептеуір иректеу болып біткенін неге ежіктеп тұрмыз? Оның үлкен себебі бар. Сол қолы армияға жарап, әскерге алынып кеткенде, Әбекең секілді Германияда үш жарым жыл «служить» етіп, қазіргі күндері қазақша емес, немісшелеу күліп жүруі әбден мүмкін еді... Бертініректе Байдулланы КГБ-ға қызметке шақырған. Тағы да сол – сол қолы сақтап қалған. Сы-Сы-Сырдың КГБ-сына өтіп кеткенде, көкеміздің күлкісі не болатын еді? Көзге елестету қиын», деген-ді Мархабат Байғұт «Сол қол» мақаласында.

Мархабат көкем айтқандай, күріштей тістері түгелдей дерлік көрініп күлетін, бауыр­­­мал­­ды­ғы­мен баурайтын Байдулла Қонысбекті облыс журналистері төбе биі ретінде мойындады. «Биік мұрат», «Бетпе-бет», «Ұр­паққа ұлағат», «Асыл жү­рек», «Алуан-алуан жүрек бар» деген кітаптардың авторын қаламгерлер қауымы толайым-тұтас тыңдады. Еліміздегі облыс­тар арасында ең көп газет-журнал осы оңтүстікте шығатын. Оның арасында алапестері, яғни әділеттен тайғандары да жоқ емес еді. Сол газет-жур­нал­дардағы кемшіліктерді ке­сіп айтты, журналистерге ақыл-кеңесін аямады. Кейбір «жолбике журналистердің» «кәсібилік» деңгей-дәрежесіне, қаламгерлікке тән қасиетті құндылықтардың қолдан арзандатылып бара жатқанына Байекеңнің жаны ауырды, жүрегі сыздады. БАҚ дейтін дүниеге мәдениеттен жұрдай, арзан сенсация қуғандардың дендеп еніп кеткеніне алаңдады. Журналистер одағының облыс­тық филиалын біраз жыл бас­қар­ған Байдулла Қонысбек басқосуларда кемшіліктерге қатысты ойларын ашық айтты, басылымдарда жазды да. «Журналист БАҚ-тың қандайын да тікелей жеке бас пайдасына пайдалануына болмайды. Жымысқы тапсырыспен біреу­ді мұқатып мақала жазатын журналистің арында батпан-батпан кір-қоқыс жатады. Кейбір газеттердің айтыс-тартыстары күншіл, іштері тар, бетпақ қатындардың жұлысқанына ұқсайды», деді Байдулла көкем сол жылдары. Ел мүддесі, қазақ журналистикасы үшін алаңдаған Байекеңнің көкірегі талай тарылып, жүрегі қысылғаны анық. Сол жылдары көкем дана Абай айтқандай «Жүрегі айна, көңілі ояу» – сезімтал, сергек, көзі ашық ұрпақты аңсады. Осы орайда жас журналистерге жол көрсетті, жөн сілтеді. Осындай және басқа да ерекшеліктерін бағалаған Махаң аға-досын «журналиссимус» атады. «Бүгінде біз Байдулла Қонысбек мырзаңызды «Жур­налиссимус» дейміз. Орыс журналистикасының тарихында бұрын мұқым тыйымдалып, бертініректе ғана шын бағаланып, «журналиссимус» атанып, жан-жақты насихатталып жатқан Алексей Суворин (1834–1912) деген титан тұлға бар. «Санкт-Петербург ведомос­тында» қызмет еткен. «Жаңа заман» атты газет шығарған. Чехов, Розанов, Лесков сынды көптеген классик жазушыларды газет жұмысына тартып, өзінің басылымын «Әдеби парламентке» айналдыра білген сол Сувориніңіз оң қолына қаламын ұстап, сол қолын сермеп тұрып: «Мен газетті өз отбасымнан да... тіпті әйелімнен де артық сүйемін», – дейді екен. Әрине, біздің Байекең Суворин емес. Келіншегі Құттығызды газетпен немесе телерадиомен теңдей сүйетін журналиссимус», дейді тағы да Мархабат көкем.

«Екі Байдулла тумайды...»

Өңірдің қоғамдық саяси өмі­ріне белсене араласқан Байдулла Қонысбек «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» рес­пуб­ли­калық қоғамдық бірлес­тігінің Оңтүстік Қазақстан ай­мақтық филиалының төра­ғасы, «Сайлауды қадағалау» жөніндегі РҚБ-ның облыстық филиалының төрағасы болды. «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының төрағасы Байдулла Қонысбектің тындырымды тірлігінің нәтижесінде тағы­лымды тарихы бар Қазығұрт­тың қадір-қасиетін кейінгі толқынның санасына сіңіру үшін ауқымды жұмыс атқа­рыл­ды. Оның қазақ журналистикасына сіңірген еңбегін жоғары бағалаған ізбасарлары, яғни біздер арнайы құрмет көрсетіп, жастарға үлгі-өнеге еткен едік. Кеңес одағы кезінде «Құрмет белгісі» орденімен, тәуелсіздік жылдары «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Респуб­ли­касының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мере­ке­лік медалімен мара­пат­тал­ған, Бәйдібек ауданы­ның, Түркістан облы­сы­ның құрметті аза­маты, Қазақстанның құр­мет­ті журналисі Байдулла Қонысбектің 80 жасқа толған мерейтойына арналған керемет іс-шараны Түркістанда ұйымдастырдық. Оны облыс әкімдігі, қоғамдық даму басқармасы қолдап Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйым­дас­тыруымен ауызбірлігі жарас­қан тілшілер қауымы дүр­кіретіп өткіздік. Төрткүл дүние сүйсіне көз тіккен, түркітілдес мемлекеттердің рухани астанасы ресми түрде рәсімделген «...ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі...» Түркістанда төрт бірдей өңірдің – Түркістан, Шымкент, Жамбыл, Қызылорданың жур­налистері мен зиялы қауы­мы, қоғам қайраткерлері атан­ған азаматтар, атқару­шы билік­те­гілер мен қоғамдық-саяси ұйымдардың тізгінін ұстағандар жиналып, төбе биді төбеге көтеретін тамаша тілектерін арнап, сый-сияпат ұсынды. «Байекеңнің туған күні күзде ғой, неліктен алдын ала тойлануда?» дегендер де болды. Біз Оңтүстік журналистерінің төбе биі атанған Байекеңнің туған күнін күтіп отырмай, жыл басталғаннан-ақ тойлап кеткен артықтық етпейді деп шешкен едік.

«Әне, Журналиссимус – Байдулла Қонысбек сол қолы­ның сәл ғана қисайың­қырап, бүгіліңкіреп біткен ерекшелігінің өзін өте-мөте тиімді пайдаланып, бильярд жарысында жүріпті. Оң қолы­мен кийді қыса ұстап, сол қолымен және оң көзімен көздеп тұрыпты», деп Мархабат жазушы жазғандай Байдулла көкеміз бильярд дегенде ішкен асын жерге қоятын, талай турнирдің бірнеше дүркін жеңімпазы болған жан еді. Осыған орай мерейтойы аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері арасында турнир ұйым­дас­тырылды. Турнирге ауылы аралас, қойы қоралас қоныс­­­тан­ған төрт аймақтан алдын ала іріктеуден өткен 16 шебер журналист қатысты. Дода өте тартысты өтті. Бұл сексеннің сеңгіріне шыққан Байекеңе, Байдулла Қонысбекке деген ізінен ерген інілерінің, шәкірт­­те­рінің құрметін, алдың­­ғы буынға деген риясыз көңілді, өзара сыйластықты, ең бастысы, ең кереметі, осы өңірдегі журналистердің ынтымақ-бірлігін, айрандай ұйыған ауызбірлігін айқындаған іс-шара болды. Осындай тамаша сыйластықтары жарасып, журналис­тер өз тойларын ешкімге салмақ салмай өздері дүркіретіп өткізіп жатқаны өзгелер өнеге тұтатын ғанибет тірлік қой. Мұны төбе биді төбеге көтерген той демегенде не дейміз? Мұның сыйлар ләззаты, әдемі әсері әдеттегіден екі есе болғаны сөзсіз. Сол күні, Түркістан шаһарында өткен Байдулла Қонысбектің бильярд турнирінде Мархабат Бай­ғұт: «Жасым келді сексенге, Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де деп Кенен сері айтқандай, Екі Байдулла тумайды, Қаратауға ексең де, Жүзімдікке сепсең де, Шымкентке көң төксең де! Сексеніңіз құтты болсын!», деген еді...

Қайран көкелерім-ай... Сол жылы сәуірде Түркістанда бас­­тал­ған Байдулла Қоныс­бектің 80 жас мерейтойын туған жерінде, Шымкентте жалғас­ты­ру жос­пар­ланғанымен жүзеге аспады. Оңтүстік журналис­терінің төбе биі 22 маусымда өмірден өтті. Байекеңнің ұлы Нұржан ағамыз хабарласып, жаманат хабарды жет­кіз­ген еді. «Әкемнен айырылып қалдым» деді ол даусы ді­рілдеп. Қапелімде аузыма түскен сөз: «Ол сіздің әкеңіз ғана емес, күллі Оңтүстік жур­на­листерінің әкесі еді, бекем болыңыз» дедім. Әлеуметтік желі арқылы қаралы хабарды естіртіп, барша оңтүстік журналистеріне асқар тау-әкеміз құлаған ауыр қазаға байланысты қайғырып көңіл айттым. Замандас-достары, қоғамға қайраткерлігін мойындатқан Исмат Тұрсынқұлов, Шәріпбек Жамалбек сынды бірқатар елге беделді ағаларымыз қаралы жиынды атқаруды маған жүктеді. Қаралы жиынды басқару оңай болмады. Сол жиында алғаш­қы сөзді Мархабат көкеме ұсын­дым. Махаң аға-досы Байдулла Қонысбектің қазасын өте ауыр қабылдады. Қаралы жиында дауысы дірілдей, қинала сөйледі. Денсаулығы да сыр берді. Мархабат көкемнің бір жиында: «Байекең 1941 жылы туып, соғысты бастаған, мен 1945 жылы туып, соғысты аяқтаған ұрпақпын. Байекең туылған 1 қыркүйекте мектептерде алғашқы қоңырау соғылса, мен туылған 25 мамырда соңғы қоңырау соғылады. Сондықтан ол кісінің есімі әр кез менен бұрын аталуы керек» депті әзіл-қалжыңын араластырып. Құдайдың құдіреті дерсіз, жай сәйкестік дерсіз, Байдулла Қонысбек сол 2022 жылы маусымда өмірден өтті, ал қарашада Мархабат Байғұт та бақилық болды. Кісі қадірін білетін, мені еркелетіп жүретін, қайран көкелерім-ай!

Бірінші қыркүйекте Байдулла көкемді туған күнімен құт­тық­­тап, әңгіме дүкен құра­тын­­быз. Ұзағынан. Талай тақырып талқыланатын. Сол күндерді аңсағанда көк дәптерді парақтаймын...

Түркістан облысы