Қазақстанда геологиялық ақпараттың ұлттық цифрлық қоры құрылады.
Бұл туралы Үкімет отырысында «Ұлттық геологиялық қызмет» компаниясының басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев мәлімдеді. Айтуынша, елде соңғы 80 жылда жиналған 5 млн-нан астам геологиялық ақпарат сақталған. Бүгінде оның 83 % сканерленді. Соның ішінде мәтіндік есептер, графикалық материалдар және магниттік жеткізгіштен тұратын материалдардағы деректер көшірілді. Ақпараттық қор құру жобасы кезең-кезеңмен іске асады. Келер жылы геологиялық деректердің 10%, ал 2028 жылға қарай саладағы барлық ақпарат қамтылады деп жоспарланған.
Ерлан Ғалиев, "Ұлттық геологиялық қызмет" компаниясының Басқарма төрағасы:
- 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 97,5 %-ға жеткізу, ал 2026 жылдың соңына дейін сканерлеу жұмысын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша сканерлеу нәтижесінде алынған материалдарға жасанды интеллектті қолданып, геологиялық деректердің BIG Data ақпараттық қорын құрамыз. BIG Data жүйесінде ЖИ мәтінді тану және машиналық көру арқылы геологиялық орда сақталған тарихи материалдарды машинамен оқылатын форматқа түрлендіреді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- «Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде айқындады. Саланың дамуы еліміздің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда барланған жер қойнауының көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл міндет келесі жылы орындалатын болады. Бұрын дәстүрлі қағаз нұсқада, магниттік таспаларда және фотосурет түрінде сақталған 3,5 млн-ға жуық бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды. Өнеркәсіп министрлігіне Қаржы, Жасанды интеллект министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, келесі жылдың соңына дейін тарихи деректерді цифрландыру жұмыстарын аяқтауды тапсырамын. Бұл, жалпы алғанда Қазақстан бойынша тарихи және жаңа геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді оңайлатып, инвестициялар тарту, кен орындарын барлау мен игеру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруды жеңілдетеді.