Алматы қаласы бойынша ҰҚК және Полиция департаменттерінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.
Ведомствоның мәліметінше, бұл қылмыстық тізбек соңғы бірнеше жыл бойы әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырылып келген. Олардың негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал топтағы әйелдерден, соның ішінде шетел азаматтарынан туған сәбилерді сатып алуға ниетті адамдарға заңсыз жолмен беруді ұйымдастыру болған.
Жедел іс-шаралар барысында жаңа туған ұл баланы қомақты ақшаға сату әрекеті анықталған. Ақша беру кезінде күдіктілер қылмыс үстінде ұсталған. Сәби мемлекет қамқорлығына беріліп, тиісті мекемеге орналастырылған.
"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінде осыған ұқсас эпизодтардың болуы мүмкіндігі тексеріледі.
Бұл – бір реттік әрекет емес. Мұнда тұрақты, тіпті өңіраралық байланыстары бар тізбектің болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Барлық қатысы бар адамды анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Балаларға, әсіресе жаңа туған сәбилерге қатысты заңсыз әрекеттер – бұл қатыгездік және ауыр қылмыс. Мұндай әр дерек заң аясында әділ бағасын алады", — деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Куатбек Науатов.