Қазақстан — Еуразияның жаңа логистикалық орталығына айналуы мүмкін.

Қазақстанның көлік және сауда әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін ірі жоба қолға алынбақ, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Түрік логистикалық компаниясы S Sistem Lojistik еліміздің негізгі қалаларында заманауи қойма терминалдары мен логистикалық хабтар салуға 100 миллион доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр. Бұл бастама ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкұлов пен компания басшысы Хюсейн Барлин арасындағы келіссөз барысында белгілі болды.

Келіссөздер барысында тараптар инфрақұрылым нысандарын Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге де көлік тораптарында орналастыруды қарастырды. Жобаның басты мақсаты-Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретінде дамыту және оның халықаралық логистикалық жүйелердегі орнын нығайту.

Алғашқы нақты қадам да жасалды. Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай маңында логистикалық орталық салуға дайындық жұмыстары басталды. Бұл орталық болашақта халықаралық стандарттарға сай ұлттық логистикалық желінің маңызды бөлігіне айналады.

«Логистика-инвестиция тартудың басты бағыттарының бірі. Бұл экономиканы әртараптандырып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан мұндай жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін бөліп, мемлекеттік қолдау көрсетіп, әкімдіктермен өзара үйлестіруге толық дайын»,- деді Ғабидулла Оспанкұлов.

Өз кезегінде S Sistem Lojistik компаниясының өкілдері Қазақстанмен ұзақ мерзімді әріптестікке қызығушылық танытып, еліміздің географиялық орналасуы мен инвестициялық климатының тартымдылығын ерекше атап өтті. Компания ішкі және халықаралық тасымалдарды оңтайландыратын заманауи логистикалық шешімдерді енгізуді көздеп отыр.

Жоба тек логистика саласын дамытумен шектелмейді. Ол Қазақстанның ғаламдық сауда желісіндегі рөлін арттырып, жаңа транзиттік және инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе Астана мен Алматыда құрылатын хабтар елдің Еуразиядағы басты логистикалық орталықтарының біріне айналуына тың серпін береді.