Мәжіліс депутаттарының Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Еңбекшіқазақ ауданындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында және Талғар ауданындағы Oi-Qaragai тау-курортында бірқатар инфрақұрылымдық мәселе көтерілді, деп жазады Egemen.kz.

Алдымен депутаттар музей аумағында салынып жатқан визит-орталықтың құрылысымен танысып, нысанның қазіргі жай-күйін көзбен көрді. Мекеме директоры Гүлмира Мұхтарованың айтуынша, туристерге арналған бұл нысанның құрылысы 2023 жылы басталған. Қазіргі таңда тек негізгі жұмыстың 75 пайызы орындалғанымен, толық аяқтауға қажетті қаражат бөлінбеген. Бастапқы жобалық-сметалық құжаттама бойынша 292,3 млн теңге қарастырылса, әзірге 87,7 млн теңге ғана игерілген. Құрылыс материалдары мен жұмыс күшінің қымбаттауына байланысты жобаның жалпы құны 446,1 млн теңгеге дейін ұлғайған.

«Құрылыстың үштен бірі тоқтап тұр. Бұл орталық өңірге келген туристер үшін негізгі визит-нүкте болуы тиіс еді. Қаржы толық бөлінбегендіктен тек ғимарат емес, су жүйесіне қосу, көгалдандыру сияқты инфрақұрылымдық жұмыстар да тоқтап қалды. Сондай-ақ музей қорындағы Алтын адамның сүйегін ғылыми негізде экспозицияға шығару жұмыстары жылдар бойы іске аспай келеді. Музей мен жергілікті мектеп арасындағы бос аумақта этноауыл құру жобасы да қолдау таппай отыр», – деді музей директоры.

аа

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Есік музейінің тарихи және мәдени маңызын атап өтіп, Алтын адам табылған бұл мекеннің республикалық қана емес, халықаралық туристік маршруттың маңызды бөлігіне айналуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл нысан тек археологияның емес, тұтас ұлттық болмыстың символына айналуы керек. Депутаттар аталған проблемаларды Үкімет пен тиісті министрліктер деңгейінде көтеруге уәде берді.

Сапар аясында халық қалаулылары Талғар ауданындағы Oi-Qaragai тау-курортындағы инфрақұрылым жайына да назар аударды. Курорт басшылығының айтуынша, жыл сайын жүз мыңдаған турист қабылдайтын демалыс аймағы болашақта өңірлік туризмнің негізгі орталығына айналуы мүмкін. Дегенмен, жаңа нысандар салуға қажетті жер телімдері мәселесі ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, Oi-Qaragai маңындағы бірқатар жер учаскелері кезінде түрлі лауазымды тұлғалардың атына рәсімделіп, бүгінде игерусіз бос тұр.

«Oi-Qaragai аумағын кеңейтуге инвесторлар дайын. Бірақ таудың бөктеріндегі бірқатар жер телімдері кезінде түрлі лауазымды тұлғаларға берілгенімен, игерілмей бос тұр. Курорт әкімшілігі бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Жер кодексінің 92-бабына сәйкес, мұндай телімдерді мемлекетке қайтару процесін осы жоба аясында қолға аламыз. Бұл бағытта тиісті жұмыстарды бастаймыз», – деді Бақытжан Базарбек.

Айта кету керек, өңірде «AMANAT» партиясы тау туризмін дамытуға бағытталған «Алатау аманаты» жобасын іске қосты. Жоба аясында Алматы облысындағы бірегей табиғи және тарихи нысандарды біріктіретін, ұзындығы 1200 шақырымнан асатын ұлттық туристік соқпақ салу жоспарланған.

Алматы облысы.