Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысында туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Құжатта 9 бағыт бойынша салалық мәселелерді жүйелі шешу қарастырылған. Оның қатарында инфрақұрылымды дамыту, логистика, цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр даярлау, инвестициялық жобаларды ілгерілету мен басқа да бағыттар бар. Жоспарды жүзеге асыру кезеңінде 100-ден астам іс-шара ұйымдастыру көзделеді.

Болашағы зор 12 туристік нысанның ішінде өңірдегі туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі Кендірлі туристік аймағы болып белгіленді. Инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, оның ішінде инженерлік коммуникациялар жүргізу, туристік нысандарды электр қуатымен, сумен жабдықтау мен көлік қолжетімділігімен қамтамасыз ету бойынша шаралар кешені іске асырылады. Кендірлі ауылында жолдар мен басқа да нысандарды жөндеуден бөлек, әуежай салынады. Бұл ретте инвесторлар мен эко-белсенділердің ұсынысы ескерілді.

Ақтау қаласында теңіз вокзалы мен халықаралық деңгейдегі стадион салу жоспарлануда. Сондай-ақ өңірде туризмді насихаттау үшін мәдени-спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Кешенді жоспар туристер тартуға қолайлы жағдай жасауға және туристік аймақты одан әрі дамытуға ыңғайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске серпін беру мақсатында «Каспий ӘКК» АҚ желісі арқылы туризм саласын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосу да жоспарда бар. Жоспар жүзеге асырылғаннан кейін 2029 жылға қарай ішкі туристер саны 430 мыңнан 520 мың адамға, ал келуші туристер саны 89 мыңнан 143 мың адамға дейін артады деп күтіледі. Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 1,7 мың адамнан 2,7 мың адамға дейін, жеке инвестиция көлемі – 198,9 млрд теңгеге дейін, ал өңір экономикасындағы туризм үлесі 2,2%-дан 3,6%-ға дейін өседі.