Бүгін, 26 тамыз — қазақ футболы үшін тарихи күн. Алматыда алғаш рет Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалады.
Алматылық “Қайрат” Чемпиондар лигасының іріктеуінің плей-офф кезеңінде “Селтикке” қарсы матч өткізеді.
Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі қазақ футболындағы тарихи матчқа толығырақ тоқталып, жанкүйерлер қолдауы мен букмекерлер болжамын талдап көрді.
“Қайрат” кім? “Селтик” кім?
“Қайрат” – Қазақстанның қазіргі чемпионы. Өткен жылы команда клуб тарихында төртінші рет чемпион атанды. Биылғы Премьер-лигада олар турнир кестесінде үшінші орында, чемпионат көшбасшысынан бар болғаны бір ұпайға ғана артта келеді.
Сонымен қатар, алматылықтар Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде жақсы ойын көрсетіп жүр. Бүгінге дейін словениялық «Олимпияны» (1:1, 2:0), финдік КуПС-ті (0:2, 3:0) және словакиялық «Слованды» (1:0, 1:1) артта қалдырды.
Ал, 20 тамызда “Қайрат” Глазгода, “Селтик парк” стадионында шотландиялық “Селтикке” қарсы алғашқы ойында 0:0 тең есеппен ойнап, сенсация жасап, жанкүйерлеріне ұмытылмас эмоция сыйлаған еді.
“Селтик” – Шотландиядағы ең атақты команда. Ел біріншілігін 55 рет ұтқан. Соңғы 14 маусымның 13-інде «Селтик» чемпион атанған.
Шотландиялық команда биыл да жақсы бастады: «Сент-Мирренді» 1:0, «Абердинді» 2:0, «Ливингстонды» 3:0 есебімен жеңді. Қазір турнир кестесінде бірінші орында тұр. Чемпиондар лигасының іріктеуінде «Қайратпен» алғашқы ойында 0:0 есебімен тең түсті.
Матч алдындағы жағдай
Бүгінгі ойынға деген қызығушылық өте жоғары. 23 мыңға жуық билет түгел сатылып кеткен. Алматы әкімдігінің мәлімдеуінше, бүгін 2000-нан астам полиция қызметкері жанкүйерлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, орталық стадионға дейін және кері қарай тегін автобус маршруттары ұйымдастырылған:
- Қалқаман ш/а (№7 қалалық аурухана аялдамасы) — Орталық стадион.
- Орбита ш/а (Мұстафин-Торайғыров көшелерінің қиылысы) — Орталық стадион.
- Айнабұлақ ш/а (Мақатаев-Павлодар көшелерінің қиылысы) — Орталық стадион.
- «Халық Арена» аялдамасы (солтүстік бағыт) — Орталық стадион.
- Алматы-1 теміржол вокзалының аялдамасы — Орталық стадион.
- Алматы-2 теміржол вокзалының аялдамасы-Орталық стадион.
- Наурызбай ауданының ХҚКО — Орталық стадион.
- Момышұлы-Мөңке би көшелерінің қиылысы жанындағы аялдама.
Көлік бағыттары сағат 18:00-де басталады. Стадион 18:45-те ашылады.
Жанкүйерлер бұл кездесуді ұзақ күтті, сондықтан алаңға ерекше толқу мен жоғары көңіл-күйде жиналмақ. Ал, стадионға бара алмаған жанкүйерлер ойынды 21:45-те “Qazsport” телеарнасынан тамашалай алады.
“Қайраттың” мұндай қарсыласпен ойнауы –тарихи мүмкіндік. Ал, жанкүйерлердің шынайы қолдауы командаға қосымша күш берері сөзсіз.
Дегенмен, ”Қайрат” үшін маңызды ойында кадрлық мәселелер де жоқ емес. Бүгін команданың жас жұлдызы Дастан Сәтпаев алаңға шықпайды. Ол өткен ойында сары қағаз алып, бір ойынға шеттетілді.
Бас бапкердің айтуынша, Сәтпаев ойынға қатыспайтынын ауыр қабылдаған.
«Дастан осы жолғы ойынға қатыспайтынына қатты уайымдады. Менің білуімше, ол тіпті екі күн бойы ешкіммен сөйлеспеді. Біз өз тарапымыздан оны барынша қолдап жатырмыз. Ол әлі жас ойыншы, түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан бұған оның кезекті тәжірибесі деп қараймыз. Әрине, Сәтпаевтың осы ойында жоқтығы біз үшін үлкен шығын», – деді ол матч алдындағы баспасөз мәслихатында.
“Қайрат” – “Селтик” матчының букмекерлік коэффициенттері
“Винлайн” сарапшылары бұл ойында фаворит ретінде “Селтикті” атап отыр. Шотландиялықтардың жеңісіне коэффициент – 1.60. “Қайраттың” жеңісіне – 4.80, ал тең ойынға – 4.10 берілген.
Букмекерлер матчта гол көп болады деп болжап отыр. Егер 2,5 голдан көп соғылады десеңіз – 1.65, ал 2,5-тен аз гол болады десеңіз – 2.15 коэффициент ұсынылған.
Сондай-ақ сарапшылар екі команда да гол соғады деп болжауда. “Екеуі де гол соғады” ставкасы 1.75, ал «ал екеуі де гол соқпайды» нұсқасы – 2.10 болып тұр.
Жанкүйерлер қолдауы
Жанкүйерлер әлеуметтік желілерде “Қайратқа” ерекше қолдау білдіріп жатыр. Көпшілігі команда өз алаңында сенсация жасап, жеңіске жетеді деп сенеді.


Алматыдағы жанкүйерлердің осындай сенімі мен рухы ойыншыларға үлкен мотивация берері анық. Мұндай қолдау стадионда ерекше атмосфера қалыптастырып, қарсыласқа да қысым түсірмек.
Қорытынды
Қорытындылай келе, “Қайрат” пен “Селтик” арасындағы ойын – қазақ футболы үшін үлкен сын әрі тарихи мүмкіндік. Бұл матчта нәтиже қандай болса да, алматылық клуб Еуропаның беделді командасына қарсы өзін сынап, тәжірибе жинақтайды. Ал жанкүйерлер үшін бұл кездесу – ел футболының жаңа белесін көрсететін маңызды сәт болмақ.