Димаштың халықаралық жобасы қазіргі таңда еліміздің ең көрікті жері саналатын Каспий мен Бозжырада түсіріліп жатыр. Түсірілім әлі Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында жалғасады. Шоудың финалы елордада ұйымдастырылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Voice Beyond Horizon музыкалық жобасы – Димаш Құдайберген мен Hunan Broadcasting System бірлесіп жүзеге асырып жатқан бастама. Бұл жоба Қазақстанды миллиондаған көрерменге жоғары туристік әлеуеті бар ел ретінде танытады.
Димаш Құдайберген мен жобаға қатысушылар Түркістан облысынан Ақтау қаласына ат басын бұрды. Түсірілім аясында Каспий теңізінің жағалауында және Қазақстанның ең әсерлі табиғи мұраларының бірі – Бозжыра шатқалында өнер көрсету жоспарланған.
Түсірілімге Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген талантты орындаушылар қатысып жатыр. Қатысушылардың кәсіби деңгейін арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар бағалайды.
Жобаға Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және өңірлік әкімдіктер қолдау көрсетіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш пен Hunan Broadcasting System телеарнасы бірлесе жүзеге асырып жатқан халықаралық жобаның түсірілімі басталғанын хабарлағанбыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
 
                         
                                