10 жылда транзиттік жүк көлемі 100 млн тоннаға жетуге тиіс. Бұл әрине қазынаға құйылатын қаржы сомасы да бірнеше есе артатынын көрсетеді. Алайда бұл жүкті тасу үшін теміржолдың әлеуетін көтеру керек.

Қазір Үкімет болат жолды барынша ұзартып жатыр. Шығыстан батысқа дейінгі аралықта құрылыс қарқын алды. Соның бірі жаңа айтқан Мойынты-Қызылжар тармағы. Бұл — өткен айда ашылған Достық-Мойынты арасындағы екінші желінің жалғасы. Болат жол жүк тасымалын бес есе арттыруға сеп болмақ.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Елде теміржол құрылысы қарқынмен жүріп жатыр. Өткен айда Достық – Мойынты жолының екінші желісі іске қосылды. Енді Мойынты мен Қызылжар арасында құрылыс басталды. Одан әрі Ақтау портына дейінгі жолдардың бәрі жаңғыртылады. Бұл – Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі. Қазір Мойынты-Қызылжар бағытында рельс табанына қажет 14 млн текше метр топырақтың 85 пайызы төселді. Мамандар жобаны мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.

Бақыт Қарсақбаев “ҚТЖ” АҚ ” ҰК “жаңа жобалар жөніндегі дирекция” филиалының дирекция басқарушысы:

- СНЭГ бойынша мына жол 34,36 айға дейін созылады. Енді ол бәрін бітіргенге шейін. Біз 28-де бітіруіміз керек. Біз енді 28 емес, оны ертерек бітіруге тырысамыз. Ең бірінші мәселе 26-ның аяңғына дейін, біз майда бастасақ 25-тің, значить бір жарым жыл, бір жыл жеті ай көлемінде біз уже жаңа келе жатқан контейнерлерді осы жолмен жүргізіп жібереміз.

Жаңа жол жүк тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Және тауарды жеткізу мерзімі бірнеше есе қысқарады. Қазір Қытай Еуропаға бірнеше жолмен тауар жеткізіп отыр. Бірақ бұлардың барлығы алыс және тосыннан келер қатер көп.

Мәселен, Үнді мұхиты арқылы Суэц каналымен өтетін жолдың ұзақтығы 45 тәулік. Кейде одан да қашық. Су жолы болғандықтан цунами мен дауылдан бөлек, қарақшы да бар. Әсіресе Қызыл теңізге жақындағанда қиын дейді мамандар. Оның үстінде Суэц каналында бірнеше тәулік кезекке тұрып қалуы да мүмкін. Себебі жаһандық тауар айналымының 15 пайызы осы каналмен өтеді.

Екіншісі Солтүстік Мұзды мұхит жолы. 35 күнде діттеген жерге жетуге болады. Бірақ жақын дегенмен, мұз қалың. Арнайы мұзжарғыш кемелер жол салмаса, қарға адым жер жылжу мүмкін емес. Бұл да қосымша шығын деген сөз.

Ал құрлық жолы екі тарап үшін де тиімді болып отыр. Қытай тауары қазақ жерімен Каспийден өтіп, әрі қарай Кавказ елдері арқылы Қара теңізге шығып кете алады. Яғни қақтығыс жүріп жатқан аймақтарды айналып өтуге мүмкіндік бар. Бұл жолмен Шанхайдан шыққан жүк 15 күнде Еуропаның кез келген жеріне жеткізіледі. Және тағы бір артықшылығы, осы жолдың арқасында контейнерлерді қос-қостап тасуға болады дейді маман.

Бақыт Қарсақбаев “ҚТЖ” АҚ” ҰК “жаңа жобалар жөніндегі дирекция” филиалының дирекция басқарушысы:

- Тепловозбен жүргеннен кейін қазір контейнерлерді бірінің үстіне бірін қойып, екі этаж қылып жүргізуге болады. Достықтан келе жатқан, если қазір біз екі этаж қылып жүргізген болсақ, ол Мойынтыға шейін келгеннен кейін әр жағы электрофицированный жол, ол әр жақтан жаңағы нелерге тиіп қалады, сымдарға, бағаналарға. Сондықтан қазір мынадан қайта тепловоз болғандықтан, екеуін қосқан уақытта 6,20 жоғарғы жағы, и сонымен тепловозға, оған сым, ешнәрсе керек емес. Ол алып кете береді. Значить екі есе, одан бөлек, ещё контейнердің санын көбейтеді.

Бүгінде елде 16 мың шақырым болат жол бар. Бірақ 57 пайызға тозып тұр. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, тозған жол пойыздардың жүрісін тежеп отыр. Мәселені шешу үшін ауқымды бағдарлама басталды. Мұның шеңберінде 2029 жылға дейін 5 мың шақырым рельс төселіп, 11 мың шақырымы жөнделеді.

Авторы: Нұрқанат Қанапия