Кариб аймағын жайпап өткен "Мелисса" дауылы салдарынан 49 адам қаза тапты. Тағы ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен. Ең көп өлім Гаитиде тіркелді. Мыңдаған адам жарықсыз қалды. Экономикалық шығын көлемі 52 млрд долларға жетуі мүмкін, деп хабарлайды Аl Jazeera басылымы.
Ең көп адам өлімі Гаити елінде тіркелді – кемінде 30 адам қаза тауып, 20-сы із-түзсіз жоғалған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ямайкада 19 адам, Доминикан Республикасында бір адам мерт болған.
"Мелисса" – Атлантика тарихындағы ең қуатты дауылдардың бірі. Ол сейсенбі күні Ямайкаға соғып, 5-санаттағы дауыл деңгейіне жетті. Желдің екпіні сағатына 295 шақырымға дейін күшейген. Дауыл Ямайканың батысын қиратқан соң, Кубаға жетіп, 3-санаттағы деңгейде соққан.
АҚШ-тың Ұлттық ураган орталығының дерегінше, дауыл кейін Багам аралдарының үстінен өтіп, Бермуд аралдарына қарай бағыт алған. Қазір аймақтағы мыңдаған адам жарықсыз отыр: Ямайкада электр тұтынушыларының 70 пайызына дейін жарық өшкен.
БҰҰ өкілі Деннис Зулудың айтуынша, апат салдары бұрын-соңды болмаған деңгейде ауыр. АҚШ мемлекеттік департаменті Ямайка, Гаити, Багам және Кубаға көмек көрсету үшін төтенше жағдай тобы жібергенін хабарлады.
AccuWeather компаниясының есебі бойынша, "Мелисса" дауылының алдын ала бағаланған экономикалық шығыны 48-52 миллиард доллар аралығында болуы мүмкін.
 
                         
                                