Жәбірленуші тараптың адвокаттары Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша куәгерлер Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыкелді және Арлан Қазыкеновті қайта жауап алу үшін сотқа шақыруды сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бүгін сот отырысының басында жәбірленушілер тарабы куәгерлер Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыкелді және Арлан Қазыкеновті сотқа қосымша жауап алу үшін шақыру туралы өтініш білдірді.
"Кешегі бейнежазбадан олардың ешқандай да "шок жағдайында" болмағанын, барлық мән-жайды біліп отырғанын көрдік, сондықтан олардың қылмысқа қатысы бар деген уәжбен оларды шақыртуды сұраймыз", — деді жәбірленушілердің адвокаты.
Сот сотқа қатысушылардың пікірін тыңдап, жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы етті.
"Себебі, бұл бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары өздері құзыретті әлі күнге дейін шешім қабылдаған жоқ", — деді судья.
Жәбірленуші тарап сотқа тағы бір өтінішхат жолдаған.
"Маған сенім білдірген жәбірленушілер Қадырова Жұмабике, Нұрымов Қаржаубай және Бишембиева Гүлбарам бүгін сот отырысына денсаулығына байланысты келе алмайтынын жеткізді. Сондықтан сотта берген жауаптарын қолдайтынын, өздерінің қатысуынсыз қарай беруін сұрады", — деді Мейірман Шекеев.
Бұл өтінішха бойынша судья басқа тараптардың пікірін сұрады.
"Ол кісілер міндетті түрде керек. Олар жауабын екі-үш түрлі етіп өзгерткен, сондықтан қай жауабына тоқтайтынын міндетті түрде өздерінен сұрап алуымыз керек", — деп қарсылық білдірді сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұман Әбенов.
Бірақ бұл мәселе бойынша судья сот тергеуін бастар алдында дәлелдемелерді ұсыну бойынша шешім қабылдау кезінде барлығыңызға жәбірленушілерден, сотталушылардан, куәлардан жауап алуда қылмыстық іс құжаттарына сілтеме жасап, сұрақ қоюға мүмкіндік берілгенін айтты. Сот істі жәбірленушілердің қатысуынсыз қарауды жалғастыру туралы шешім қабылдады.