Маңғыстау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Мұнайлы ауданы №20 жалпы білім беретін мектебінде «ТалқыLike» подкаст-студиясының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараға Маңғыстау облыстық білім басқармасының өкілдері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, Мұнайлы ауданының жастар саясаты саласының мамандары, мектеп әкімшілігі, жас педагогтер мен оқушылар қатысты.
-Жобаның негізгі мақсаты — оқушылардың шығармашылық және коммуникативтік қабілеттерін дамыту, соңғы үлігдегі медиа құралдарын тиімді пайдалануға үйрету, сондай-ақ ақпараттық сауат пен сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру, — деді Мұнайлы ауданы №20 жалпы білім беретін мектебінің директоры Кәмшат Байсагенова.
«ТалқыLike» бағдарламасы аясында оқушылар журналистика, медиа және цифрлық контент өндіру салаларына бейімделіп, өз ой-пікірін еркін жеткізуге, қоғамдық және білім беру тақырыптарында сапалы аудио-контент әзірлеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, подкаст-студия мектеп өміріндегі маңызды жаңалықтар мен жетістіктерді, тәрбиелік және танымдық бағыттағы тақырыптарды кеңінен насихаттауға бағытталған.
Сурет:Ұйымдаструшылардан алынды
Бағдарлама аптасына екі рет «YouTube» платформасында тікелей эфирде көрсетіледі. Подкаст жүргізушілері – мектептің жас мамандары. Бағдарлама қонақтары ретінде жетістікке жеткен мұғалімдер мен белсенді оқушылар шақырылады. Алдағы уақытта журналистика саласына қызығушылық танытқан оқушыларды подкаст жүргізушілігіне баулу жоспарланып отыр.
«ТалқыLike» бағдарламасының алғашқы шығарылымының қонақтары облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Шынар Құрмет, өңірлік білім басқармасының баспасөз хатшысы Ботагөз Қазбекова және Мұнайлы ауданы жастар саясаты бөлімінің басшысы Айнұр Жақсылықова болды.
Айта кетейік, жоба оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттырып, білім беру ұйымдарында заманауи медиа кеңістікті дамытуға ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі болмақ.