Жаңа электр пойызы маусым айынан бастап Қарағанды — Астана бағыты бойынша жолға шығады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Биыл 1 наурыздан бастап Балқаш – Алматы бағыты бойынша тұрақты пойыз қатынай бастады. Қаңтар айынан бастап Астана – Бурабай курорты бағыты бойынша жаңа вагондардан құралған жедел электр пойызы іске қосылды. Жол жүру уақыты – 2,5 сағат.
"Осыған ұқсас жаңа электр пойызы маусым айынан бастап Қарағанды – Астана бағыты бойынша жолға шығады. Бұған қоса, қыркүйек айында Астана – Бурабай курорты бағыты бойынша үшінші электр пойызы іске қосылады", — деді Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, бүгіннен бастап 7 маусымға дейін Қазақстан Республикасында Қытай туризм жылы аясында ұйымдастырылған Сиань – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы іске қосылады. Сондай-ақ Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқан – Бұхара бағыты бойынша Jibek joly және Keruen Express туристік пойыздары іске қосылды.
"2024 жылдың қараша айынан бастап бұл пойыздар 5 сапар жасады. Туристік агенттіктердің өтініштері бойынша бұл пойыздардың қатынауы әрі қарай жалғастырылады", — деді спикер.