Батумиде өткен Argus халықаралық конференциясында "Поти ТрансТерминал" АҚ бас директоры Олжас Арықбаев Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) аясында Грузия арқылы жүзеге асырылатын жүк және контейнерлік логистиканы дамыту жөнінде баяндама жасады.


Баяндаманың негізгі тақырыбы Азия мен Еуропа арасындағы баламалы көлік дәліздерін қалыптастырудағы грузин порттары мен мультимодальды инфрақұрылымның рөлі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты PTC Holding-ке сілтеме жасап.

Таныстырылым барысында ол ТХКБ бағыты бойынша контейнерлік тасымал көлемі тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша маршрут арқылы тасымал көлемі 76,9 мың ЖФЭ-ні құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 36%-ға артқан. Ал 2026 жылға арналған болжам тасымал көлемі мен контейнерлік пойыздар санының одан әрі өсетінін көрсетіп отыр.

Баяндамада Орта дәліздің негізгі буындарының бірі ретіндегі Грузияның рөліне де ерекше назар аударылды. Олжас Арықбаевтың айтуынша, грузин бағыты Қытай, Орталық Азия, Кавказ және Еуропа елдері арасындағы контейнерлік және жалпы жүктерді шоғырландыратын маңызды нүктеге айналып келеді.

Сөз барысында Поти портының жұмысына қатысты деректер де ұсынылды. 2025 жылы порттың контейнерлік айналымы 20%-ға артып, 109 мың ЖФЭ-ге жеткен. Сонымен қатар, порт арқылы жұмыс істейтін негізгі теңіз желілері де өсім көрсетіп отыр. Осылайша, Поти Қара теңіз өңіріндегі маңызды мультимодальды логистикалық тораптардың бірі мәртебесін сақтап келеді.

Таныстырылымның жеке бір бөлігі 2025 жылдың маусым айында пайдалануға берілген "Поти ТрансТерминал" АҚ-ның дамуына арналды. Терминал ТХКБ және CASCA+ бағыты бойынша жүк транзитін, сондай-ақ Грузия, Әзербайжан және Арменияға экспорттық-импорттық тасымалды қамтамасыз ету мақсатында құрылған.

Олжас Арықбаевтың айтуынша, терминал инфрақұрылымы теміржол және автомобиль көлігі арқылы контейнерлік және жалпы жүктерді өңдеуге мүмкіндік береді. Кешеннің аумағы 9,2 гектарды құрайды, ал өткізу қабілеті жылына 100 мың ЖФЭ мен 350 мың тонна жүкке дейін жетеді.

"Поти ТрансТерминал" бас директоры атап өткендей, Потидегі терминалдық инфрақұрылымды дамыту PTC Holding компаниясының Қытай мен Орталық Азиядан Қара теңіз өңірі мен Еуропаға дейінгі бірыңғай халықаралық логистикалық экожүйе қалыптастыру стратегиясының бір бөлігі болып саналады.