Қазақстан экономикасы өсіп келе жатқан инфляциялық қысымға тап болуда: мамыр айындағы деректер тұтыну бағаларының өсу қарқынының жеделдеп келе жатқанын растады. ҚР Ұлттық Банкі өз риторикасын өзгертіп, ақша-несие саясатын қатаңдату мүмкін екенін меңзеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Инфляциялық серпін: қызметтер мен азық-түлік

Айта кетерлігі, Қазақстанның ішкі мәселелері Goldman Sachs (GS) пен JPMorgan (JPM) сияқты жетекші халықаралық қаржы институттарының зерттеу нысанына айналды. Олардың соңғы есебінде инфляцияның күзге қарай үдей түсетіні, ал жыл соңына қарай сәл бәсеңдейтіні болжанды.

ҚР Ұлттық статистика бюросының жаңа деректеріне сәйкес, Қазақстандағы жылдық инфляция 2025 жылғы мамырда 11,3%-ға жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың соңында басталған өсу үрдісін жалғастыруда (қарашада – 8,4%, желтоқсанда – 8,6%).

Бағаның өсуіндегі ең айқын фактор – қызмет көрсету саласы. 2025 жылғы мамырда бұл санаттағы жылдық инфляция 16,0% болды (2024 жылғы қарашада – 13,3%). JPMorgan-ның бағалауынша, бұл 2007 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш және негізгі инфляцияның (мамырда – 10,8%) негізгі қозғаушы күші болып отыр.

Бұл туралы қазақстандық экономист Эльдар Шамсутдинов қызмет бағасының тұрақты өсуі жоғары ғана емес, орныққан инфляциялық күтулерді де білдіретінін, сондай-ақ тұтынушылардың жоғары баға төлеуге дайын екенін атап өтті.

Азық-түлік тауарларының үлесі де айтарлықтай маңызды. Goldman Sachs мәліметінше, "Азық-түлік, сусындар және темекі" санатындағы инфляция 2024 жылғы қарашада 5,4% болса, 2025 жылғы мамырда 9,6%-ға жеткен.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, кейбір тауарлардың бағасы күрт өскен:

  • пияз – 76,3%,
  • орамжапырақ – 67,5%,
  • картоп – 66,9%,

Сондай-ақ коммуналдық қызметтер:

  • суық су (97,6%),
  • кәріз қызметі (25,1%),
  • орталық жылу (19,2%).
"Қызметтердің қымбаттауы инфляциялық күтулердің жоғары әрі тұрақты екенін білдіреді. Сонымен қатар, тұтынушылар да әзірге төлеуге дайын. Ұлттық Банк тек "қатаң" риторикамен шектеліп отыр. ЖІӨ-нің өсуі қуантады, бірақ бұл да бағаларды өсіруде. 2027 жылға қарай инфляцияны 5%-ға дейін төмендету мақсаты шындыққа жанаса бермейді." Эльдар Шамсутдинов

Goldman Sachs мамырдағы инфляция (11,3%) олардың болжамынан (11,5%) және нарық консенсусынан (11,4%) төмен болғанын атап өтеді. Бұл, негізінен, азық-түлік бағасының базалық әсерімен және валюта бағамының болжанғаннан әлсіз ықпалымен байланысты. Дегенмен, жалпы үрдіс инфляциялық қысымның күшейіп жатқанын көрсетеді.

GS бағалауы бойынша, инфляция қыркүйекте шегіне жетіп, жыл соңына қарай 11,9%-ға дейін төмендеуі мүмкін. JPMorgan ҚҚС әсерінен негізгі инфляцияның 2026 жылғы қаңтарға дейін өсуін күтуде.

Бұған дейін Астана және Алматы айырбастау пункттеріндегі 9 маусымдағы валюта бағамы жайлы жазған болатынбыз.