Тарихқа көз тастасақ, деректерде Торғай өңірінің талай теперіш көргені сайрап тұр.
Тағдыршешті әрекет болмағандықтан, аталған аумақтың тұрғындары әркез және әр уақытта мұң-мұқтажын, мәселесін жоғары жаққа жеткізумен келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Торғай жұртының екінші тынысы ашылар күн қашан туады?
Осы орайда, inbusiness.kz сайтының тілшісі бірнеше кейіпкермен сөйлесіп, "Торғайдың қайтадан облыс болып ашылу ықтималдығы қаншалықты?" деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Әлбетте, бұл бүгін және ойда-жоқта қозғалып отырған мәселе емес. Ондағы жұртшылық жаңа облыстың ашылар күнін асыға күтіп жүр және оның "белгілі бір дейгейде алғышарттары жасалып жатыр" деп есептейді. Яғни, сүйінші сұрайтын күн де алыс емес болуы керек.
Торғайдың жанашыр азаматы, қоғам белсендісі Ербол Бекбосын Торғайда игерілмей жатқан жерлердің өте көп екенін айтады.
– Өте өзекті мәселе бар, ол – бос жердің жау шақыратыны. Осы кезде Жангелдин ауданында 2 миллион гектар, Амангелді ауданында 1,5 миллион гектар, Арқалық қаласында 500 мың гектар жер бос, игерілмей жатыр. Онда мал өсіп жатқан жоқ, егін тағы егілмейді. Сырттан инвесторлар да келмейді. Жолдың қашықтығын себеп етіп біраз азамат елден көшіп кетті. Ауылдардың көбі жабылудың алдында тұр. Әйтпесе, олар – нағыз туризмге сұранып тұрған ауылдар. Қаншама көрікті жерлер, тарихи-мәдени ғимараттар бар. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының басына бару үшін әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Соны ұйымдастыра алмай отырмыз. Соның бәріне жол секілді, тағы да басқа өзекті мәселелер қолбайлау болады. Торғай облысы ашылса, Арқалықтың өзіндік әлеуметтік кен-байлықтары бар, солар зерттелуі, игерілуі керек. Торғай өңірі арқылы мал шаруашылығын дамытып, әлемге әйгілі болуға мүмкіндік бар. Облыс болған жағдайда, өзінің әлеуметтік жобалары болады, бизнес жоспарлары туындайды. Сол арқылы облыс та алға басушы еді, – дейді ол.
Ал тарихшы, шежіреші Амандық Әмірхамзин өткен жылы Қостанай облысында 25 ауылдың жабылғанын сөз етті. Ол мұны халықтың көшуімен байланыстырады.
– Қазіргі уақытта Қазақстандағы халық саны ең азайып жатқан өңірлер – Солтүстік Қазақстандағы аймақтар. Павлодар облысы, СҚО және Қостанай облысы. Мысалы, былтырғы жылы Қостанай облысының 25 ауылы жабылған. Оның ішінде Қарабалық ауданында 9 ауыл картадан жойылды. Қарап отырсаңыз, халықтың ішкі көші-қоны тым көп. Егер жағдай қайталана беретін болса, онда ол жерлер бос қалады. Ал, бос қалған жер жау шақырады. Мысалы, 1989 жылы қазіргі сол кездегі Торғай облысының Жангелдин және Амангелді аудандарында 32 мыңнан 36 мыңға дейін халық тұрған. Қазір Жангелдин ауданында – 12500, Амангелді ауданында 16500 жобасында ғана халық бар. Әрине, халық саны өсіп жатыр, бірақ ішкі көші-қон көп, – деп налиды ол.
Торғай өңірі туралы жиі-жиі мәселе көтеріп жүрген жандардың бірі – Ербол Бекбосын. Ол БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы өзінің ғана емес, күллі Торғай жұртының базынасын жоғарыға жеткізіп келеді.
– 3 жыл бұрын "Торғай облысы ашылсын!" деген митинг өтті, бұл – өте маңызды мәселе, үлкен іс-шара. Астана қаласынан басталып, Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарында, Қостанай қаласында өтті. Жергілікті халық қатты қолдады. Мұндай деңгейдегі жоба, жоба болғанда халықтың осындай нақты талабы басқа ешқайда болған жоқ. Өте мәдениетті түрде жеткіздік.
Бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуге дайын болды. Сол кезде Аманқарағайда өрт шығып, той өтпей қалды. Мерейлі датада Торғайға қатысты ерекше жаңалық жарияланар деп үміттеніп едік, – деп нақтылай түсті ол.
Сөз басында жазғанымыздай, Торғай облысын ашу туралы идея қоғамда көп қозғалып жүр. Тіпті, Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылған уақытта торғайлықтар біраз талпыныс жасаған еді. Әлбетте, Торғай тоқалдан туған жоқ. "Облыс болып қайта ашылсын" деп бастама көтеріп жүргендердің де өзіндік уәжі, нақты талабы және орынды ұсыныстары бар. "Торғай облысының ашылғаны экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді?" деген сұрақты өлкетанушы Амандық Әмірхамзинге бағыттадық. Ол бізге нақты 4 фактпен жауап беруге тырысты.
– Біріншіден, Торғай облысы Солтүстік Қазақстанда орналасқан болса да, географиялық орналасуы бір жағы батыспен, екінші жағы Қарағанды, Ұлытау облыстарымен және Қазақстанның оңтүстік-батысы Қызылорда облысымен шектеседі. Сәйкесінше, Қостанай, Ақмола облыстарымен. Яғни, орналасуы өте тиімді. Осыны пайдаланып, транзиттік әлеуетін арттыруға болады. Ол туралы Президент те айтты ғой. "Орталық – Батыс" жолын биылдан қалдырмай салу керек" деп. Яғни, біз елдің батысына бару үшін 800 шақырым айналма жол арқылы, Қостанайға тұрақтап, одан Алтынсарин арқылы Ақтөбеге шығамыз. Ал әлгі жол түссе, Астана мен Арқалықтың арасы 390 шақырым десек, екінші жағы Торғай мен Арқалықтың арасы – 285 шақырым, Ырғыз бен Торғайдың арасы тиіп тұр. Яғни, транзит арқылы қаншама үнем жасар едік. Ол әрине, жергілікті инфрақұрылымның дамуына әсер етеді, халықтың қайтадан жол бойына шоғырлануына мүмкіндік туады. Және ауыл және мал шаруашылығының дамуына себеп болады. Бұл – Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етудің де бір жолы, – деп түсіндірді жанашыр азамат.
Оның сөзінше, бір уақыттары Торғайдың астығы Италияға дейін экспортталған. Бұл – ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығын дамытуға таптырмайтын өңір.
– Екіншіден, Торғай кенді аймаққа жатады. Бір ғана Арқалықтың өзінде 40 шақты кен орны бар. Сол кеніштерді игеру арқылы халықты жұмыспен қамтуға болады.
Үшіншіден, транзиттік аймақ, оған жоғарыда тоқталып өттім.
Төртіншісі әрі маңыздысы – аймақта туризм саалсын дамыту. Бұл өңір қазақтілді, салт-дәстүрді сақтап қалған, тарихи тұлғалары көп. Қай жағынан алса да, облыс болуға лайықты. Торғай дегенде көбі Арқалық қаласы мен Жангелдин, Амангелді аудандарын айтады. Негізі, оның 10 шақты категориясы бар. Қостанай облысына берген 5 ауданы және Ақмола облысына берген 5 ауданыбар. Барлығы 10 ауданында әлі де 180 мыңдай халық тұрады. (бұрын 360 мыңдай халық болған). Егер облыс орталығы ашылатын болса, жаңа жұмыс орындары көбейсе, өнеркәсіп дамыса, халық тезірек көшеді. Қазір халық мобильді халыққа айналды. Жаңылмасам, 1989 жылдары Түркістанда 70-80 мың ғана халық тұрған, қазір 270-280 мыңдай, яғни 200 мыңға артты. Сондықтан, халықтың көбеюі тез қарқында өтеді. Салыстырмалы түрде біз Солтүстікке де жақынбыз. Облыс ашу халықты теріскейге шоғырландырудың да бір жолы саналады.
– Мен "Орталық – Батыс" жолының салынуы, жергілікті кәсіпкерлерге 1 пайыздық жеңілдікпен несиелердің берілуі, Арқалықта әуежайдың салынуы, "Қостанай облысының оңтүстік аудандарын дамыту" деген секілді арнайы қабылданған бағдарлама және сол сияқты бірнеше мысалды Торғай облысын ашудың алғышарты деп ойлаймын, – деп үмітті екенін де жеткізді А.Әмірхамзин.
Жалпы, бұл ұсыныскөп ұзамай жүзеге асатын секілді. Әлбетте, жаңа облысты қайта ашу туралы бастаманың экономикалық тұрғыда қандай мәнге ие екенін нақтылай түсу керек. Мәселе сол, тек облыс ашқаннан бәрі шешіле ме? Әрине, артықшылығы көзге анық көрініп тұр десек те, кедергілері де соншалықты кездесері анық.
Осыған дейін inbusiness.kz сайтының тілшісі "Қазақстанда жаңа облыс құрылуы мүмкін" деген тақырыпта сараптамалық мақала жазған еді. Ол қоғам тарапынан көп талқыланып, ауқымды қаралым жинады.