Аталған қаржы Ресейдің бұғатталған активтерінен алынған.
Негізінен Украинаны ЕО 2022 жылдан бері тұрақты түрде қаржылай қолдап келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соңғы деректер бойынша, Еуроодақ Украинаға тағы 1 млрд еуро аударған. Украинаның премьер-министрі Денис Шмыгаль қаражаттың қайда жұмсалатынына дейін айтып берді. Ол сөз арасында арнайы бағдарлама аясында қанша қаржы алғанын да атап өтті.
– Қаражат мемлекет бюджетінің маңызды салаларына жұмсалады. Украина, ERA бастамасы аясында, Еуропа одағынан осымен 7 млрд еуро алды. Қаражат Ресейдің бұғатталған активтері есебінен аударылды, – деді ол телеграм арнасында.
ЕО-ның экономика жөніндегі комиссары Валдис Домбровскис те бұл аударымды растады әрі Еуроодақтың Украинаға әлі де тұрақты түрде қолдау білдіретінін жеткізді. Ол "Ресей өзі келтірген залалы үшін ақы төлеп жатыр" деп есептейді.
Еурокомиссия ERA бағдарламасы бойынша тағы 12 млрд еуро бөлуді жоспарлаған. Оның нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз.
ЕО 2025 жылы Украинаға қарсылықтан қорғаныс, инфрақұрылымды қалпына келтіру және мемлекеттік шығындарды жабу үшін де миллиардтаған еуро аударып отыр.