Францияның ұлттық кітапханасынан қазақ тарихы үшін үлкен ғылыми қызығушылықа ие көне қолжазбалар табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстанушы ғалымы Ғалия Қамбарбекова Қазақстан елшілігінде өткен кездесуде араб, түрік, парсы және шағатай тілдеріндегі қолжазбалардан қазақ халқының тарихына қатысты мәлімет тапқанын мәлімдеді. Онда тарихи шежірелер, құжаттар, соның ішінде сенім грамоталары, қазақ хандарының ресми хат-хабарлары бар, деп хабарлайды 24.kz.
Францияда әлемдегі ең бай коллекцияға ие кітапхана бар. Оған алдын ала сұрау жолдап, арнайы рұқсатпен кіреді. Бірақ көне қолжазба мәтіндерін оқу мен аударуда қиындықтар бар. Мұндағы көптеген қолжазбалар біздің ғалымдар тарапынан бұрын зерттелмеген. Ғылыми жоба аясында ҚазҰУ-дың филолог-маманы қолжазбалардан Тәуке ханның, Тәуекел ханның өмірі, Түркістан тарихы туралы мәліметтерді тапты.
"Егер белгілі бір ғалымдардың еңбектерін ашып қарасаңыз, арасынан Орталық Азиямен байланысты атауларды кездестіруге болады. Мен сондай үш еңбекті таптым, олардың ішінде әлемдік тарихқа да арналғаны бар. Онда мұсылман әлемінің ғалымдары, соның ішінде Тәуекел ханның Бұхараға жасаған соңғы жорығы туралы баяндалады. Сондай-ақ, оның ағасы сұлтан Есім үлкен жорық жасаған, одан кейін Ташкент пен Түркістандағы тарихи оқиғалар туралы айтылады. Біздің ортада бұл ақпарат көзі бұрын айтылып-зерттелмеген", — деп атап өтті Әл-ФарабиҚазҰУ шығыстану факультетінің аға оқытушысы Ғалия Қамбарбекова.
Бұған дейін 4 шілдеде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты академиялық 7 томдықты дайындау жөніндегі редакция алқасының алғашқы отырысы өткенін хабарлағанбыз.