14 қыркүйек күні шамамен сағат 01:30-да Алматы – Өскемен тасжолында болған жол апаты 10 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыстық полицияның мәліметінше, үш көліктің қатысуымен болған қайғылы жағдай Алматы – Өскемен автожолының 479-шақырымында, Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылының маңында тіркелген.

Алдын ала деректер бойынша, Nissan Cefiro жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, ВАЗ-2114 және Chevrolet Cobalt көліктерімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан оқиға орнында 10 адам қаза тапты. Тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жетісу Облысының Полиция Департаменті (@zhetysu.police)

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

"Қаза болғандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін және жолаушы тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ереженің болмашы бұзылуының өзі орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін", — делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Айта кетейік, Алматы облысында бұған дейін, 2025 жылғы 11 қыркүйекте, мектеп оқушыларын алып бара жатқан автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, екі адам қаза тапқан еді.