Арайлап атқан әрбір бейбіт күннің артында дана шешімдер мен батыл қадамдар тұрғанын елдің бәрі сезіне бермейді. Әйтсе де, ұрпағымыздың мамыражай жайма-шуақ күнде өмір сүруі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет еткен тұлғаларымыз аз емес. Солардың бірі – Әбдімәлік Райымқұлов.
Әбдімәлік Райымқұлұлы еліміздің қауіпсіздік саласында табанды еңбек етіп, ірі лауазымдарды абыроймен атқарды. Атасы Пірімқұл – әділ би, әкесі Райымқұл – сауатты, елге сыйлы басшы болған. Тың игеру жылдары Жетісай мен Мақтаарал өңірлерін игеруге белсене атсалысқан. Әбдімәлік Райымқұлұлы сол кездің балалары секілді арманшыл болып өсті. Қазығұрт тауының бөктеріндегі Қаратөбе ауылында қаймағы бұзылмаған қазақы ортада ержетті. 1966 жылы мектеп бітіріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Болашақ полковник студенттік кезінен бастап-ақ үлкен үмітті ақтайтын азамат екенін көрсетті. Оның спорттық һәм мәдени тұрғыда жан-жақты дамуы болашақ жеңістерінің іргетасы болып қаланды. Көп арасында көзге түспей қалу Әбдімәлік Райымқұлұлының өмірлік ұстанымы емес еді. Керісінше, айналасына шуағын шашып, қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Осындай тегеурінімен қауіпсіздік органдарына қызмет етуге шақырту алады. 1971 жылы оқуын тәмамдап, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде (қазіргі ҰҚК) қызметке қабылданды. Осылай Минск қаласында арнайы оқу орнын аяқтап, өз кәсібіне кірісті.
Әскери өмірді заңдылығында Отан қайда жұмсаса, чемоданыңды жинайсың да «алға» деп жүре бересің. Ол алдымен шетелдің барлау әрекеттеріне қарсы жұмыс жүргізіп, шекара қауіпсіздігін қорғауда ерекше көзге түсті. Ұшақтарды шетелге заңсыз алып кету оқиғаларына байланысты қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруда да белсенді болды.
Ұзақ жылдар бойы Алматы облысының Райымбек (бұрынғы Нарынқол), Еңбекшіқазақ аудандарында, Жамбыл облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік басқармаларында түрлі басшылық қызмет атқарып, полковник шеніне дейін көтерілді.
Әбдімәлік Райымқұлұлы болмысынан адал жан еді. Ол өмірде материалдық құндылықты рухани байлықтан жоғары қойған емес. «Отан – басты байлығымыз. Ақша, байлық дегеннің бәрі өтпелі дүние. Ата-бабамыздан аманатқа қалған кең жеріміз ертеңгі ұрпағымыздың мекені. Сондықтан оны қорғап, қадірлей білейік», дейтін ұғыммен өмір сүрді.
Отан ана оны қай жерге қызметке жіберсе де, әскери антына адалдық танытты. 1997–1998 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезінде Жамбыл облысында халықпен тікелей жұмыс істеп, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға атсалысты. Кейін Парламенті Сенаты аппаратында, Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметтер атқарды. Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында бітімгерлік мақсатта барған Қазақстан әскерінің ротасын басқарып, елге аман-есен оралуларына жағдай жасады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы бөлімінде де еңбек етіп, халықаралық заңнамалардың үйлесімділігін қамтамасыз етуге үлес қосты.
Әбдімәлік Райымқұлұлы – қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрген, жастарға қамқор, әділетті тұлға.
«Әбекең біздің саламыздағы есімі әйгілі офицерлердің бірі болды. Таныстығымыз адал достыққа ұласты. Екеуміздің достығымыз уақыт сынынан сүрінбей өтіп, адалдықтың ақ туын түсірген емеспіз», деп бастады әңгімесін генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов.
«Әбдімәлік Райымқұлұлымен алғаш рет 1994 жылдың мамыр айында Алматы облысы Райымбек ауданында таныстым. Ол кезде егемендікті жаңадан алғанбыз. Әбекең Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облысы Райымбек ауданындағы бөлімінің бастығы болатын. Мен ҰҚК Әскери қарсы барлау бөлімінің бастығы қызметінде едім. Бізді ҰҚК Алматы облысы бойынша басқарма бастығының бірінші орынбасары полковник Р.Тілебалдинов табыстырды. Әбдімәлік әріптесім аудандағы жағдайды, шекара аймағының ерекшелігін айтып, басқа да қызмет үшін керек деректерді түсіндірді. Мен де оған ризашылығымды білдірдім. 1996–1997 жылдар аралығында Алматы қаласында ҰҚК Орталық аппаратында бірге қызмет еттік. Ол ҰҚК-нің шаруашылық басқарма бастығының орынбасары болып, қызметін абыроймен атқарды. Сол жылдары мемлекеттік органдағы қызметкерлер біраз қиындықты бастан кешті. Осындай қиын уақытта Әбдімәлік өзін жан-жақты білікті маман екенін көрсете білді. Алдына келген жандарға қолғабысын көрсетіп, күрделі мәселелердің шешімін тауып жүрді. Көп ұзамай ол ҰҚК-нің Жамбыл облысы басқарма бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды», дейді генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов.
Полковник Райымқұлов зейнетке шыққаннан кейін де қарап жатпай, ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып 10 жылдан аса уақыт қызмет атқарды. Бұл өте жауапты, мазасыз әрі зор шыдамдылықты талап ететін шаруа саналады. Зейнетке шыққан әріптестері негізінен осы ұжымға барып өздерінің мұң-мұқтажымен бөлісіп, мәселелердің шешуін талап етеді. Осындай жауапкершілігі шексіз, ардагерлерге ауадай қажет қызметті Әбдімәлік Райымқұлұлы өте үлкен абыроймен атқарды. Барлық ардагер, Алматы жұртшылығы оны ерекше құрметтеді.
Сондай-а оның ресми іс-шаралардағы сөз саптауы, өзін-өзі ұстауы бөлек бір әңгіменің парасы. Риясыз таза күлкісі, орынды, ойшыл, өткір әзілі, қажет кездегі батыл сөздері оның тұла бойындағы табиғи тазалығын аңғартып тұратын. Тумасынан бойына біткен дара бітімімен жақындарына, дос-жарандарына, отбасына және Отанына адал болды.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», деген қазақтың төбе биі Төле биден қалған сөз бар. Әбдімәлік Райымқұлұлының тұла бойы тұңғышы Азат Әбдімәлік әкесі туралы: «Әкем күнделікті қызметтен бөлек, үнемі білімін жетілдіріп, әртүрлі жиналыстар мен дөңгелек үстелдерге қатысатын. Біз оның еңбексүйгіштігін көріп өстік. Анамыз да – инженер. Ата-анамыз үйде болған кеште отбасымызбен бірге отырып, ақ дастарқан басына жиналамыз. Сонда әкем балаларына барынша ақылын айтуға тырысатын. Адал болуды, біреудің ала жібін аттамауды, білімді болып, еңбек етуді үйретіп отыратын. Қазір ойлап отырсам, әкем өз жұмысына берілгені соншалық, отбасына арнаған уақытын тек ізгілікті сөздерге, ізгілікті істерге арнағысы келген екен. Сондықтан бірінші кезекте балаларына өзі үлгі болуды мақсат тұтты. Әкем ешкімді жамандамайтын, сын пікірлер, бос сөз айтпайтын. Ашуланғанын да көргеніміз жоқ. Біріншіден, ол әкемнің жоғары ішкі мәдениеті болса, екінші жағынан үйдегі бізді жақсы қырынан тәрбиелегісі келген ізгі ниеті еді. Біз осы тәрбиесі үшін әкеміздің алдында қарыздармыз», дейді.
Ардагерлер кеңесінде бірге қызмет атқарған достары да Әбдімәлік Райымқұловты ыстық ілтипатпен, үлкен сағынышпен еске алады.
«Әбдімәлік Райымқұлұлы отбасы мен балаларға деген қамқорлығы өз алдына бөлек тақырып. Бар болмысымен қызметте болса да, уақыт тауып отбасының тәрбиесімен айналысты. Ол әкелік парызға өте жауапты қарады және Отан алдындағы қызметтік парызбен қатар алып жүрді. Әкенің еңбегі текке кетпеді, бүгінде ол ұрпағымен, әсіресе әке жолын жалғаған ұлы Азатпен мақтана алады. Сонымен қатар Алматыдағы қоғамдық жұмысына да тоқталып өткім келеді. Ұлттық қауіпсіздік органдарының Алматыдағы ең белсенді және ұйымшыл ардагерлер бірлестігін басқарды. Ардагерлердің айтуынша, Ә.Райымқұловтың өмірден өтуі, ұйымға үлкен соққы болды. Өйткені оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары еді. Ішкі мәдениеті де жоғары-тын. Жан-тәнімен ұйымның өркендеуіне үлес қосты. Өзінен де, өзгеден де табандылықты талап етті. Жастармен қызметтік және өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Осындай атпал азамат болатын», дейді «Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы полковник Кенжеболат Бекназаров.
Әбдімәлік Райымқұлұлы өмірден өткелі жұмыр жер күндегі дағдысымен тынбастан зырлап, күнді және бір айналып шығып, тарих тағы бір жылға ұзарды. Қанша уақыт өтсе де, еліне адал қызмет етіп, ұрпақтың бүгінгі тыныштығы үшін тер төккен полковник Әбдімәліктей асыл тұлғаларды елі ұмытпайды. Ол біздің жүрегімізде кеудесін тік ұстаған өр азамат болып мәңгілікке қалары анық.
Дарын Сейітов,
әскери тілші