Қазақстанда қоғамдық орындарда құстарға тамақ беру әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастырылады.

Бұл туралы Finratings.kz жазды.

Құстарды тамақтандыруға тыйым салынған ба?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, рұқсат етілмеген жерлерде құстарды азықтандыру – абаттандыру ережелерін бұзу болып есептеледі. Мұндай әрекет үшін алғаш рет ескерту жасалады немесе 20 АЕК-ке дейін (шамамен 69 000 теңге) айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін өсіп, 103 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Көгершіндер расында қауіпті ме?

Көпшілік көгершіндерді зиянсыз құс деп есептегенімен, олар 90-ға жуық түрлі қауіпті инфекцияны тасымалдауы мүмкін. Олардың арасында сальмонеллёз, орнитоз, токсоплазмоз, жалған туберкулёз секілді аурулар бар. Сонымен қатар, көгершіндерде жиі кездесетін кенелер, бүргелер мен қандалалар желдеткіш жүйелер арқылы үйлерге кіріп, әсіресе балалар мен егде жастағы адамдар үшін денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Тұрғындар наразылық білдіруде

Көптеген қазақстандықтар бұл тыйымды шектен тыс қатаң деп бағалап, құстарды тамақтандырудан бас тартқысы келмейтіндерін айтады. Әлеуметтік желі қолданушылары былай деп жазды:

«Қазір де, болашақта да көгершіндерге тамақ беруді жалғастырамын. Бір де бір қиқым нанды тастамаймын – бәрі құстарға!», «Бүкіл әлемде рұқсат етіледі, ал бізде айыппұл салады!», «Қай жерде рұқсат етілгенін көрсетіңіздерші. Ондай орын жоқ, сонда демек барлық жерде тыйым салынған».

Кейбір тұрғындар мәселені шешудің балама жолын ұсынып отыр. Олар құстарды тамақтандыруға арналған арнайы алаңдар жасау қажеттігін айтады. Мұндай тәжірибе Еуропа мен Азия елдерінің көптеген қалаларында сәтті қолданылып келеді. Алайда әзірге мұндай шаралар жүзеге аспағандықтан, тыйым күшінде қалуда.