Ол халықаралық сахналарда белгілі хореографтармен жұмыс істеп тәжірибе жинаған соң, Қазақстанға оралу жоспары барын айтты.
Әлемдегі көне де танымал театрлардың бірі – Дат Корольдігі театрының жұлдыздары алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетті. 1748 жылы негізі қаланып, аты аңызға айналған осы театрда сегіз жылдан бері өнер көрсетіп жүрген Мейрамбек Назарқожаев сахнадағы әріптестерін туған еліне шақыруды көптен бері ойлап жүрген. Осылайша ол Қазақстандағы достарымен бірге Nomad Ballet Project жобасын бастайды. Канада, АҚШ, Жапония, Португалия, Оңтүстік Корея, Польша секілді әртүрлі елден жиналған Корольдік театрдың жетекші артистері Almaty Theatre сахнасында өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Одан бөлек балет артистері мен Бурнонвиль техникасының шебері Динна Бьёрн Алматы хореография училищесінің студенттеріне арнайы мастер-класс өткізіп, тәжірибесін бөлісті.
Осы орайда Информбюро тілшісі Дат Корольдігі театрына қабылданған тұңғыш қазақ Мейрамбек Назарқожаевпен сұхбаттасып, өнер жолы, жаңа жобасы және алдағы жоспары туралы сұрады.
– Дат Корольдігі театрына қалай қабылдандыңыз?
– Сегіз жыл училищеде оқыдым. Басты мақсатым шетелге барып, әйгілі хореографтармен, балетмейстерлермен жұмыс істеу еді. Мектепті бітірген соң курстастарым Алматы мен Астана театрларында өзін сынап көрмек болды. Ал мен болсам бірден шетелге кеттім. Неге десеңіз, шетелді көріп, тәжірибе жинап, Қазақстан жастарымен бөліссем деген ой болды. Мәскеуге бардым. Германияда екі жыл жұмыс істедім. Тарихы терең Дат Корольдігі театрына кірем деп ойламаған едім. Жыл сайын бұл театрға мыңдаған адам түйіндемесін жібереді. Таңдаулы адамдар ғана іріктеуге шақырылады.

Сонда жұмыс істегісі келетін әріптесімнен осы театр туралы көп естідім. Мен де түйіндемемді жіберіп көрейін дедім. Бәсеке жоғары болған соң шақыру келмейтін шығар деп ойладым. Шақыру алып, бірге жұмыс істейтін әріптес қызбен жабық қаралымға барып, классика билеп көрсеттік. Екі күн қарап, жарақаттарды анықтау үшін физиотерапевтке жіберді. Талаптарына сай келсек, ұнасақ екі аптадан кейін келісімшарт ұсынады. Дат Корольдігі театрын көріп, артистерден тәжірибе алдық. Екі-үш аптадан кейін театрға қабылданғаным туралы хат келді. Ол кезде ағылшын тілін білмеймін. Келісімшарт алдым ба, жоқ па деп бәріне көрсеттім. Әріптестерім құттықтап, мен үшін қуанды. Германия труппасынан келісімшарт алған жалғыз мен болдым.
Дат Корольдігі театрында жұмыс істеп жатқаныма сегіз жыл болды. Театр солисі болып естептелемін. Өмір бойына келісімшартым бар. Өз еркіммен жұмыстан шықпасам мені ешкім шығара амлайды. Десе де болашағымды әрдайым Қазақстанмен байланыстырамын.
– Дат Корольдігі театрында өнер көрсеткен алғашқы қазақ атанғанда қандай күй кештіңіз? Бүкіл елдің намысын арқалағандай жауапкершілік басым болды ма, әлде өз арманыңызға жеткеніңізге қуандыңыз ба?
– Тұңғыш қазақ деген түсінік уақыт өте келе келді. Журналистер сұраған соң, Дат Корольдігі театрының тарихын білген соң ойлана бастадым. Тұңғыш қазақ болған соң әрі қазақтар бұл тетарды біле бермеген соң өзімді жақсы жағымнан көрсетуім керек. Алматыға өнер көрсетуге келген Дат Корольдігі театрының артистері бұрын Қазақстан туралы ештеңе білмеген. Мені таныған соң елімді де тани бастады. Бұл үлкен жауапкершілік.

Көптеген хореографпен жұмыс істедім. Менің, отандық балет артистеріннің өнерін көріп Қазақстан балет мектебінің мықты екеніне көзі жетеді. Арманыма жеткеніме қуандым. Үлкен театрларда өнер көрсеткен қазақ артистер көп. Ал Корольдік театрларда істегендер аз. Бүкіл дүниежүзінде екі адам ғана шығар, бірақ қателесуім де мүмкін. Соның біреуі – "Астана Опера" театрындағы балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова. Екіншісі – мен.
– Бірнеше театрда өнер көрсеттіңіз. Қазақстан мен шетел театрларының балет қоюында айырма байқадыңыз ба?
– Иә, мысалы көрермендер арасында да айырмашылық бар деуге болады. Мысалы, Ресейде не Қазақстанда көрермен артистің техникасына, жасаған трюктеріне баса мән береді. Ал Дат Корольдігі театрында немесе Еуропа театрларында көрермен техникаға емес, көбінесе актёрлік шеберлікке қызығады. Репертуарға келсек, Қазақстан мен Ресейде классикалық биге көбірек көңіл бөледі. Шетелде қазір заманауи бағыт дамып жатыр. Бишілер де заманауи балет билегенді ұнатады, себебі бұл балетте қатып қалған қағида жоқ. Эмоцияңды, тәжірибеңді өзің қойып, еркін білдіруге болады. Классикада қатып қалған заңдылықтарды өзгерте алмайсың. Ал заманауи биде интерпретация жасауға болады. Еркіндік көп.
Оқи отырыңыз: "Үш дүркін Олимпиада чемпионымен қатар тұрар едім". Қазақ балетінің жұлдызы Бақтияр Адамжанмен сұхбат
– Балетте техника да, актёрлік шеберлік те маңызды. Сізге қайсы жақынырақ?
– Алғашында техникаға көп қызықтым, себебі Қазақстанда техникаға көп көңіл бөлінеді. Уақыт өте келе техникадан гөрі актёрлік шеберлік маңызды деп санай бастадым. Себебі келген көрермен техниканы қалай орындап жатқанын біле білмейді. Олар қойылым тамашалауға келеді. Артист рөлді сомдап, оқиғаны аудиторияға жеткізе алуы керек. Кітап оқитындар Ромеоның кім екенін біледі. Олар актёрлік шеберлігіңізге қарайды. Әрина, техниканы ұмытпаған дұрыс. Бірақ рөлге кіріп, актёрлік шеберлікті көрсету қажет. Көрерменді оқиғаға ерте білу өте қиын.

– Дания патшайымының алдында өнер көрсеткен сәт қалай есте қалды?
– Әрине, толқыдым. Концерт, спектакль біткен соң ең алдымен патшайымға және оның отбасына иіліп сәлем беру керек. Содан соң ғана көрерменге сәлем береді. Патшайым келгенде бұл дәстүр ұзаққа созылады. Патшайымның арнайы шақыруымен Дат корольдігінің үздік артистері сарайға барып концерт бердік. Патшайымның өзі келіп, алдыңғы қатарда отырды. Қолында біз туралы ақпарат болды. Қазақстаннан келген биші бар екен деп ойлаған шығар. Бізге келіп, сәлем беріп, алғысын айтты. Сол кезде толқыдым. Өздері шақырған кезде өнер көрсету қиын, бірақ жақсы билеп шықтық деп ойлаймын.
– Бірнеше жылдан бері шетелде тұрасыз. Қазақстанға қаншалық жиі келесіз? Елге ораламын деген екенсіз. Шетелде ұзақ тұрған адамдар кейде туған жерінен алыстап кетеді. Сізді не байланыстырады?
– Шетелде тұрсам да Қазақстанға жылына екі-үш рет келуге тырысамын. Болашағымды туған еліммен байланыстырамын. Қазір мұнда жұмыс бабымен жүрмін. Белгілі хореографтармен жұмыс істеп, тәжірибе жинап, Қазақстанға ораламын деген жоспарым бар. Еуропаға тәжірибе жинауға бардым. Қазақстанда отбасым бар. Ұлтымды, мәдениетіміз бен қазақи менталитетімізді, туған жерімді әрдайым сағынамын. Демалуға келемін де, қайтқым келмейді. Қанша шетелде жүрсем де туған елім ыстық.
– Nomad Ballet Project туралы айтып өтсеңіз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Бұл жобаны Олжас және Дәурен атты екі досыммен бірге бастадық. Біз бір училищеде оқып, он жасымыздан жатақханада бір бөлмеде жатып, бір нанды бөліп жегенбіз. Достығымыз осындай үлкен жобаға ұласты. Алғашында қалай болар екен деген қорқыныш болды. Көп адаммен ақылдастық. Ірі компаниялар қолдаған соң қалай да болсын істеу керек дедік. Ең батыл адамдар өз қалағанына жетеді дейді ғой. Тәуекелге бел байладық. Жаз айында бүкіл театрлар демалысқа кетеді. Сондықтан Дат Корольдігі театрының артистері жазда ғана бос болады. Оларды Қазақстанға алып келу үлкен жетістік деп ойлаймын. Коммерциялық жоба ғана емес, балалар мен жасөспірімдерге тегін мастер-класс өткіздік. Мені өсірген училище директорлары мен педагогтары да келді. Дат балетінің аңызы, Бурнонвиль техникасының шебері Динна Бьёрнді шетелден шақырдық. Жас өнерпаздар келіп, тәжірибе жинады.

Осы терең зерттелмеген Бурнонвиль техникасын келер жылы Астанаға алып барсақ деген ойымыз бар. Көптеген гала-концертте өнер көрсетіп жүрген соң танымал хореографтар мен бишілерді танимын. Қазақстанға келсем дейтін артистер көп. Оларды да Қазақстанға шақырғым келеді.
– Дат Корольдігі театрында артистер әртүрлі мәселені талқылап, театр стратегиясына әсер ете алады екен. Бұл рас па? Қазақстандағы өнер мекемелері мұндай демократияға дайын ба?
– Бұл сауалды маған көп қоя бермейді. Дат Корольдігінің, Еуропаның үлкен-үлкен театрларының басты айырмашылығы осы шығар деп ойлаймын. Менің білуімше Қазақстанда артистер жұмысқа келіп, репетиция жасап, техникалық жұмыстар істеп, қойылымды атқарады. Қателесуім де мүмкін, бірақ Қазақстан театрларында жұмыс істейтін достарыма, ұстаздарыма Дат Корольдігі театрында қалай жұмыс істейтінімізді айтқан кезде таңдай қағады. Себебі Қазақстанда ондай жүйе жоқ. Қазақстанда театр стратегиясын директор не шағын ұжым ғана қабылдаса, Дат Корольдігі театрында бүкіл артистер қабылдайды. Қандай репертуар қажет екенін директорлар мен менеджерлер емес, сахнаға шығатын артистер анықтауы керек. Қандай балет билегіміз келетінін, бір-бірімізбен қарым-қатынас қандай деңгейде болуы керек екенін өзіміз шешуіміз қажет.
Репетициядан бөлек әртүрлі мәселені талқылайтын үлкен семинарлар өтеді. Мысалы, бүгінгі тақырып мотивация дейміз де, қалай мотивация алуға болатынын, театрға не жетіспейтінін талқылаймыз. Мотивацияның жоғалуына не себеп болатынын іздейміз. Ұсақ-түйек дүниелерге дейін айтамыз. Театр қалай ақша табатынынан, ақша қайда жұмсалып жатқанынан әр балет артисі хабардар болады. Осы демократиялық жүйені Қазақстанға ақырындап енгізу қажет. Бірден енгізе салуға болмайды. Театрда әр адамның дауысы естілуі керек, өйткені әрқайсы өнерді дамыту деген ортақ мүдде үшін жұмыс істейді. Қандай ой, идея тұрғанын білген соң мотивация да жоғалмайды, бар мүмкіндігін көрсетеді. Билегісі келмеген биді билесе, орнына өзге таңдау жасаса мотивация да жоғалады. Тетардың бір бөлігі сезінбей, жұмыс істеу керек болған соң ғана жұмыс істейді. Сондықтан Қазақстанға Дат Корольдігінің жүйесі керек. Мен де осындай реформаларды енгізуге тырысамын.

– Дания патшайымының алдында өнер көрсеткен сәт қалай есте қалды?
– Әрине, толқыдым. Концерт, спектакль біткен соң ең алдымен патшайымға және оның отбасына иіліп сәлем беру керек. Содан соң ғана көрерменге сәлем береді. Патшайым келгенде бұл дәстүр ұзаққа созылады. Патшайымның арнайы шақыруымен Дат корольдігінің үздік артистері сарайға барып концерт бердік. Патшайымның өзі келіп, алдыңғы қатарда отырды. Қолында біз туралы ақпарат болды. Қазақстаннан келген биші бар екен деп ойлаған шығар. Бізге келіп, сәлем беріп, алғысын айтты. Сол кезде толқыдым. Өздері шақырған кезде өнер көрсету қиын, бірақ жақсы билеп шықтық деп ойлаймын.
Оқи отырыңыз: Қазақ қызы Париж төріне этно балет өнерін қалай шығарды? Биші Дана Мұсамен сұхбат
– Дат Корольдігі театрында өмір бойына жалғасатын келісімшарт бар және кәсіподақ жақсы жұмыс істейді. Мұндай қолдау шарасы артистердің өнеріне, өміріне қалай әсер етеді? Қазақстанда да дәл осындай жағдай жасау үшін не істеу қажет?
– Бұл тамаша идея, себебі дәл осындай келісімшарт болса әр артист өзін қауіпсіз, жақсы қорғалған сезінеді. Артист – ең алдымен адам. Ол да өз өмірін жоспарлауы керек. Отбасын құрып, баласын балабақшаға береді. Балет театрларында екі-үш жылдық қана келісімшарт болса, ертең не болатынын білмейсіз. Үш жылдан кейін тағы үш жылға созды делік. Директор ауысса сол театрда жұмыс істей беретініңізге ешкім кепілдік бермейді. Еуропада директорлар көп ауысады, командасыман келеді. Өзіне ұнайтын бишілерді шақырып, жаңа жүйе мен саясат, өз көзқарасын енгізгізіп, реформа жасағысы келеді. Сол кезде жұмысыңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Көптеген мықты балет артистері солай жұмыссыз қалған.
Қазақстанда бір жақсысы директорлар көп ауыспайды. Ал өмірлік келісімшарт алса сақтандыру бар екеніне сенімді болады. Билей алмайтындай жарақат алып қалғанда зейнетке шығады, өйткені аяғын әдейі сындырып алған жоқ. Қазақстанда билеуге жарамсыз болып қалса зейнетке шыға ала ма, жалақысы толық көлемде төлене ме ол жағын білмейді екенмін. Бірақ өмір бойғы келісімшарт тәжірибесі енсе екен деймін.
– Репертуарыңызда қандай партиялар бар? Қай партия өзіңізге жақын? Осы партияны сомдасам екен деген арманыңыз бар ма?
– Көптеген партия бар. Ең жақын партия Ромео мен Джульеттадағы Тибальт шығар. Заманауи балет өте қайтты ұнайды, өйткені онда шекара жоқ. Интерпретация жасап, сезімді шығарып жаңа өнер тудыруға болады. Осы партияны сомдасам деген арманым жоқ, оған жеттім. Бірақ мына хореографпен жұмыс істесем деген арман болған. Келер жылы Дат Корольдігі театрына А деңгейлі хореограф келіп, "Леди Макбет" қойылымын қояды. Сол балетте басты рөлді сомдаймын. Кристайл Пайт деген хореографпен де жұмыс істегім келеді. Болашақта жұмыс істеймін деген ойдамын.

– Балет билеп жүргенде болған бір қызық оқиғаңызды әңгімелеп берсеңіз.
– 7 маусым күні Америкаға ұшып барып, Дат Корольдігі театры атынан арнайы шақырумен гала-концертте өнер көрсеттім. Бесінші маусымда тетатр мауысымының соңғы қойылымы болды. "Этюдс" дейтін ең қиын балеттің бірінде басты рөлді биледім. Сол балетті билеп жатқан кезде қызық жайт болды. Айналатын заттар көп: оңға 18 рет, солға 18 рет, қайтадан оңға 18 рет айналамын. Балет туфлиім сырғып бара жатқанын байқадым. Музыка болып жатқанда он алтыға дейін санайтын кішкене үзіліс бар. Әлі сахнада тұрмын. Үзілістен кейін 32 рет айналу керек. Туфлиім түсейін деп тұрғанын білсем де, сахнадан кетіп қала алмаймын. Сол жерде аяғымды итеріп-итеріп, аяқ киімді киюге тырысып жатырмын. Саусақтарымды жиырып алып, 32 айналымды бастаймын. Құламасам екен деп онын айналдым. Содан кейін аяқ киімім шешіліп қалды. Адамдар оны көріп күліп жатты. Аяқ киімсіз айнала алмаған соң жай тұрып қалдым. Ханшайым тамашалап отыр. Аяқ киімді жерден көтеріп, қолыма ұстаған күйі иіліп сәлем бердім. Көрермендер күліп, шапалақтады. Ондай жағдайлар болады.
Бірде қызды көтеріп келе жатқанда костюміміз бір-біріне ілінді де қалды. Ілгекті босата алмадым. Қыздың артына жабысып тұрмын. Былай сүйрейін десең де болмайды. Бір-бірімізді құшақтаған күйі секіріп-секіріп сахнадан кетіп қалдық.
– Үлкен сахналарда өнер көрсетуді армандайтын балаларға, жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Өзіңізге сеніңіз. Балет болса да, басқа сала болса да жетістікке еңбекпен жетесіздер. Айналаңыздағы білетін адамдарға қарап үйреніңіздер, айтқанын тыңдаңыздар. Олар қолдап, жол сілтейді. Ең бастысы – қара еңбек, соның арқасында көп нәрсеге жетуге болады. Мақсатыңыз көп болсын. Ешқашан қол қусырып қарап отырмаңыз. Өмір деген қып-қысқа. Жетістікке жету үшін әрқашан тек алға ұмтылу керек.