Енді елімізде қарасора өндірістік мақсатта пайдаланылмақ. 30 маусымда Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Есірткі заты алынатын өсімдіктен не өндіріледі? Бақылау қалай жүреді?
Көбі қарасораны есірткі алатын өсімдік ретінде біледі. Алайда бұл шөпті өнеркәсіптік мақсатта 30-дан астам ел қолданады. Нарықтың 70%-ы Қытай мен басқа да Азия елдеріне тиесілі. Енді Қазақстанда да техникалық қарасора өсірілмек. .
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Өндірілетін өнім түрлері сан алуан. Құрамында есірткі заты жоқ техникалық қарасораны өңдеуге рұқсат етілгендіктен, жоғары деңгейде қорғалған қағаз шығару жоспарланып отыр. Яғни, жеке басты куәландыратын құжаттар, төлқұжаттар және түрлі арнайы бланкілер өндірілмек. Бұл өте жақсы экспорттық өнім.
Министрліктің мәліметінше, бұл салада толық циклді агроөнеркәсіптік кешен құру көзделген. Қарасорадан қағаздан бөлек, мата, жіп, тоқыма бұйымдары, дәрі-дәрмек пен құрылыс материалдарын алуға болады. Ал кендір майының құрамында психоактивті зат болмағандықтан, ол тамақ өнеркәсібінде қолданылуы мүмкін.
Перизат Бауыржанқызы, қаржыгер:
Егер де қарасораны тек шикізат түрінде сататын болсақ, онда пайдасы аз. Егер де біз сол шикізаттан бір өнім шығаратын болсақ, 10 мың доллар салатын болсақ, ол жерден біз белгілі бір өнім шығару арқылы 120 мың долларға дейін пайда табуға болады. Бұл бір гектарды санаған кезде. Ең біріншіден, заң жүзінде мықты талап болуы керек.
Жауапты органдар өндірістік талаптарды айқындап жатыр.
Әйгерім Исабекова, ҚР ӨҚМ Жеңіл өнеркәсіп басқарма басшысының міндетін атқарушы:
Қазақстанның қолайлы климаттық өңірлерінде — Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында пилоттық режимде техникалық қарасораны өсіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біз мемлекеттік органдармен және сала сарапшылармен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Техникалық қарасораның сорттарын айқындау және оны өсіруге деген талаптар және оны қайта өңдеу бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылданады.
Есірткі айналымының алдын алу үшін қарасора өсіру мен өндіру процесі толық бақылауға алынбақ. Ішкі істер органдары қарасора алқаптардан кенеттен сынама алып, құрамын тексереді. Есірткі табылса, егін жойылады. Төрт деңгейлі мемлекеттік бақылау енгізіледі, дейді Ауыл Шарушалығы министрінің орынбасары.
Темірлан Нұржанұлы