Бұл былтырғы жалақыдан 13,5%-ға көп.
Осы жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш бойынша, өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,8% деңгейінде сақталып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бірінші тоқсанның қорытындыларын жариялады. Соған сүйенсек, жыл басынан бері аймақтың негізгі капиталына 304,8 млрд теңге инвестиция түсті. Оның тек 14,2% — бюджеттік қаржы. Қалғаны – жеке инвестиция. Бұл ретте өңірде шағын және орта бизнес нысандарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға көбейіп, бүгінде 56,8 мың субъектке дейін жеткені байқалады.
"Жыл басынан бері өндірістік өнім көлемі 1,5 трлн теңгені, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 68,5 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке 351,6 млрд теңге салық пен міндетті төлемдер түсті. Оның 171,5 млрд теңгесі республикалық бюджетке аударылса, 180,1 млрд теңге жергілікті қазынада қалды", — деп хабарлады басқарма өкілдері.
Бюджеттік қаржының басым бөлігі әдеттегідей әлеуметтік саланы жақсартуға жұмсалды. Бұл бағытқа 336,3 млрд теңге қарастырылды. Бұл – облыстық қазынадағы қаражаттың 54%-ы. Оның ішінде 219,4 млрд теңге білім беру саласына, 20,4 млрд теңге денсаулық сақтауға бөлінді.
Сонымен қатар, Павлодар облысы тұрғындарының айлығы аз да болса өскені аңғарылады. Биыл өңір тұрғындары қаңтар – наурыз аралығында орташа есеппен 399 489 теңге айлық алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға көп.