Ұлы Абайдың 1945 жылы өткен 100 жылдық мерейтойына шақырылған қадірлі меймандар арасында атақты Қажымұқан балуан да болған. Оған мына бір сурет дәлел. Бұл фото тарихи той үстінде түсірілген екен.
Туғанына ғасыр толған ұлы ақын тойының куәгері һәм ұйымдастыру ісіне жауапты адамның бірі жазушы Әди Шәріпов «Көргенім, көңілге түйгенім» атты естелігінде: «Абай тойы – ауыр соғыс жылдарын бастан кешкен халықтың көңілін серпілткен зор оқиға болды әрі жалпыхалықтық сипатта өтті», деп жазыпты. Тойды жалпыхалықтық сипатта болдыру үшін күллі қазаққа танымал қайраткерлер шақырылды. Соның бірі – атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов. Өйткені той балуансыз болмайды. Демек күш атасы Қажымұқан тойдың төрінде отыруы зор мәртебе.
Осы бір оқиға хақында: Абайдың 100 жылдық мерейтойын дайындап, өткізу жөніндегі үкіметтік мерейтойлық комитеттің ғылыми хатшысы һәм абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Мен көрген Қажымұқан» атты естелігінде: «...Мерейтойға ұлтымыздың көрнекті азаматтарын шақырып, Абай рухын ұлықтау – менің парызым еді. Сол жолы Қажымұқан атамызға арнайы шақыру жібердік. Ол көп кешікпей ұлымен бірге Семейге келді. Қажымұқан өте қарапайым, кішіпейіл жан екен. Бірақ оның бойынан бір шексіз рух, көзінен тереңдік пен даналық көрініп тұрды. Оған қарасаң, бір дәуірдің бейнесін көргендей боласың. Сол күндері мен Қажымұқанның жанынан табылып, қолымнан келгенше көмектестім. Оған арнайы костюм мен сапалы аяқкиім тіктіріп, дәстүрге сай шапан жауып, сый-құрметімізді көрсеттік. Алып денесіне лайық төсек табу қиын болғандықтан, ол жерге жайылған көрпеде ұйықтайтын. Тағамға деген тәбеті де спортшыларға тән еді – бір түсте жарты қойды жеп қоятын. Бірақ сол сәттердің өзінде де ол ешкімнің мазасын алмайтын, салмақты, сабырлы еді.
Ең кереметі – Қажымұқанның рухани әлемі. Ол менің әңгімелерімді – қазақ тарихы, Абай мұрасы, Семей топырағының киесі туралы айтқан сырларымды ерекше қызығушылықпен тыңдады. Біз ұзақ отырып ел мен жер, тағдыр мен тарих жайында сырластық. Сол бір күндер менің жүрегімде мәңгілік із қалдырды. Қажымұқан – ұлы тұлға ғана емес, нағыз халықтың жүрегінен орын алған ер. Ол тек күрес майданында емес, рух майданында да жеңімпаз болды. Қажымұқанды көру – бір дәуірмен жүздескендей әсер қалдырды», деп жазады.
* * *
Осылай Семей қаласында басталған той тамыз айының соңына таман Абай ауданы Шыңғыстауда жалғасады. Бұл жерге Қажымұқан балуан баруға тиіс еді. Бірақ жайпақ көлікке күш атасы сыймайды. Ақыры бұл кісіге арнайы жүк көлігін шығарды. Осы оқиға туралы баяндаған педагог-жазушы Мұхамеджан Рүстемовтің «Абай тойында» атты жазбасы бар. Осы эсседе: «...Алматыдан келген қонақтарды облыс басшылары қарсы алып, ертеңінде оларды тойдың жалғасы өтетін Абай ауданы Шыңғыстауға аттандырды. Тойдың құрметті қонағы Қажымұқан балуан:
– Қарақтарым, мен жеңіл машинамен алыс жолға жүре алмаймын, өкпем қысылады. Оның үстіне салмағыма машина шыдас бермейді. «Ойбайымнан байбайым тыныш» дегендей, мені жүк машинасы көтеруге жарар. Етек-жеңімді кең тастап, Абай даласына емін-еркін көз тастайын, – деді. Облыс атқа мінерлері:
– Абай тойында жүк машинаға отырғаныңыз ұят, сізге жараспас, – дейді.
– Оқасы жоқ. Сендер менің абыройымды ойлап отырсыңдар. «Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер» дегендей мен өз жайымды білем ғой. Қысылмаңдар. Маған жүк көлігі жарайды. Тек қасыма мына Нартай (Бекежановты айтады) досымды қосыңдар, – балуанның айтқаны орындалды», деп жазыпты.
Сол сияқты әдебиетші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Баһадүр» атты естелігінде ақын тойына қатысқан Қажымұқан балуанның әңгімесін жазып алған екен. – Шыңғыстауда Абайдың тойы өтті. Қазақстанның жер-жерінен адамдар қатысты. Ғылым академиясынан келген бір топ ғалыммен бірге сол тойда болдым. Қарауыл өзенінің екі жағына сансыз көп үй тігілді. Сол үйлердің бірі маған бұйырды. Мені көрмекке келген жұрт қаумалап үйді жығып кете жаздады. Содан халықты сыйлап, биік тастың үстіне шығып отырдым, – деп айтқан балуанның сөзін келтіреді.
* * *
Шыңғыстаудағы тойды Абай аудандық атком төрағасы Мыңжасаров ашып, одан кейін профессор Жарминский, Түрікменстан Ғылым академиясының ғылыми хатшысы Кариев, өзбекстандық абайтанушы профессор Әбдірахман Саади, Қазақстан жазушылары атынан Мұхтар Әуезов сөз сөйлейді. Одан кейін сөз кезегі атақты балуан, тойдың құрметті қонағы Қажымұқанға тиеді. Күрілдей сөйлеген балуан:
– Халайық, мен Абайдың көзін көріп, қолынан дәм татып, дастарқандас болған, сый-сыяпатын көрген адаммын. Осыдан 40 жыл бұрын (1898–1899 жылдары) Омбыға келгенімде Абай мені іздеп тауып, жолдас-жораларымен бірге Қарақожа деген кісінің үйінде күтіп, сыйлап қонақ етті. Мұндай жақсылықты ұмытуға бола ма? Осы кездесуде Абай маған ақылын айтып, «халқыңның намысын қорға» деді. Мен сол аға сенімін ақтаған сияқтымын, – дегенде жұрт ризашылық танытыпты («Қажымұқан қағанаты». – Шымкент: «Ордабасы», 2001. — 335 -б).
* * *
Тойдың сәні ат бәйгесі мен балуан күресі. Абай тойының бас балуаны ретінде Қажымұқан танылған. Бірақ ол жасы келгендіктен күреспеген. Бұл оқиға туралы жазушы Қалихан Алтынбаевтың жазған естелігі бар. Онда былай дейді: «Ол асықпай-саспай балуандар тобының бір жақ шетіне жүрелей отырды. Тұла бойы шойыннан құйылғандай тұп-тұтас, оған кім қарсы шықсын. Біраз үнсіздіктен соң ұйымдастыру комиссиясының бастығы халыққа қарап: «Атан түйе бастатқан бір тоғыз Қажекеңе жол ретінде күреспей беріледі», деп жариялады. Күш атасы балпаң басқан күйі, жұбайы Мінайымның жанына барып, 12 жасар ұлы Айдарханды алдына алып, күрестің одан арғы барысын тамашалады...» («Қазақ балуандары». Астана, 2006. – 363-б).
* * *
Тойдың бас бәйгесін атақты балуан күреспей алған соң Қажекеңнен қалған кейінгі бәйге қалы кілем жабылған атан түйе үшін Абыралы елінің жойқын күш иесі Әшкен мен Ақсуат өңірінің балуаны Дәулен белдеседі. Айналасы бес-алты минутқа жеткізбей жасы қырыққа иек артқан Дәулен Әбікенов қарсыласын төңкеріп тастайды. Осы күрестің басы-қасында болып, арыстардың айқасын көзбен көрген халық ақыны Төлеу Көбдіковтің:
Балуандар жағаласып жармасқанда,
Алысып айдаһардай арбасқанда,
Балуаны Ақсуаттың лақтырып,
Шығарды бұрқ еткізіп шаңды аспанға... –
дейтін ұзақ жыры бар. Сөйтіп, қарсыласын «шаңды аспанға шығарып» жеңген Дәулен балуан атан түйе бәйгесін Қажекеңе сыйға тартып, қонақкәде жасайды. Осы той кезінде Қажымұқан балуанды ортаға алып, Дәулен Әбікенов, Мәриям Жагорқызы мен оның күйеуі Дүйсен қатарлы көп адам бірге фотоға түскен екен (суретте).