8 тамыз күні сағат 04:30-да Қызылсай – Шымкент аралығындағы күзетілетін теміржол өткелінде HOWO маркалы жүк көлігі маневрлік тепловозбен соқтығысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы пойыздардың жүру кестесіне әсер еткен.

Алдын ала деректер бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, жақындап келе жатқан құрам алдында өткелге шығып кеткен. Қайтыс болғандар жоқ, жүргізуші ауруханаға жеткізілді.

Апат салдарынан үш жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылды. Сағат 07:18-де учаскеде қозғалыс толық қалпына келтірілді.

Кейде жолаушылар пойызға үлгермей, осындай қолайсыз жағдайға тап болады. "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі қазақстандықтарға пойыз кетіп қалған жағдайда не істеу керектігін еске салды.