Алматы облысында Қазақстандағы атом электр станциясының (АЭС) құрылыс жобасы бойынша жұмыстарды бастауға арналған салтанатты рәсімге дайындық жүріп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

АЭС құрылысы Үлкен ауылының маңында басталады. Іс-шара алдында журналистерге осындай үлгідегі станцияның макеті көрсетілді. Салтанатты рәсім барысында ресми сөздер мен жұмыстардың символдық басталуы өтеді: бұрғылау қондырғылары топырақтың алғашқы үлгілерін алады.

Бұл үлгілер салынған капсула зерттеу жүргізу үшін Ресей тарапына табысталады.

Бұған дейін Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы шамамен 7 жылға созылуы мүмкін екенін хабарлаған еді.

Қазақстандағы АЭС құрылысы

2025 жылдың ақпанында Қазақстанда АЭС салынатын орын ресми түрде бекітілді – Алматы облысының Жамбыл ауданы. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында АЭС салынатын ықтимал орындардың бірі ретінде аталған Үлкен ауылы орналасқан. Қаңтар айында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "Самұрық-Қазынамен" бірлесіп атом саласын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеуді тапсырды. Ол болашақ АЭС-терді салуға ең қолайлы орындарды таңдау үшін нақты көзқарас пен жан-жақты талдау қажеттігін, сондай-ақ заманауи әрі қауіпсіз технологияларды қолдану маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандағы алғашқы АЭС: Премьер тапсырма берді

Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкімет пен Парламенттен екінші атом станциясын салу орны бойынша ұсыныстар күтетінін айтты. Сол уақытта Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев екінші АЭС-ті біріншімен қатар салу мүмкіндігін жоққа шығармады.

Жақында Премьер-министр Роман Скляр екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады деп мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget