Алматыда қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды бағдарлама басталды. Тамыз айы бойы қалада 120-дан астам іс-шара жоспарланған.

Олардың қатарында – театр қойылымдары, поэзия кештері, әдеби сағаттар, көрмелер, концерттер, жастармен кездесулер, сондай-ақ спорттық, қайырымдылық және ағартушылық акциялар бар.

Мерейтойдың басты салтанаты 10 тамызда – Абайдың туған күнінде өтеді.

Сағат 10:00-де Республика сарайының алдындағы Абай алаңында ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Ал сағат 12:00-де дәл осы алаңда "Алаштың Абайы" атты музыкалық-драмалық концерт ұйымдастырылады. Концертке Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Саят Мерекеұлы, Роза Рымбаева, Айгүл Қосанова және өзге де танымал өнер иелері қатысады. Бағдарламада – Абай шығармаларынан шабыттанған театрландырылған көріністер, поэзия, вокалдық және аспаптық нөмірлер ұсынылады.

Іс-шаралар қаланың барлық сегіз ауданында өтеді.

Мәселен, 8 тамыз күні сағат 11:00-де №6 кітапханада "Өлмейтұғын артына сөз қалдырған" атты поэзия кеші өтеді. Жазушы Нұрдәулет Ақыш пен ақын-философ Мұратхан Шоқан Абайдың бүгінгі қоғамдағы рөлі жайлы ой бөліседі.

Сол күні Қазақстан жазушылары кітапханасында "Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе" атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады.

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музейінде сағат 15:00-де "Жарқын жұлдыздар" еңбегі негізінде Абай шығармашылығына арналған материалдар ұсынылады.

9 тамызда сағат 15:00-де Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейінде "Ұлы Абай" атты дәріс өтеді. Онда ақын бейнесі тарихи және әдеби контексте сараланады.

10 тамыз күні 10:00-де Махатма Ганди атындағы саябақта №4 кітапхана-филиал "Жүрегімнің түбіне терең бойла" атты арт-композиция өткізеді. Бағдарламада – әдеби ойындар, өлең оқу, Абай әндерін орындау, сондай-ақ "Ғаламның жыр данасы – Ұлы Абай" атты көрме ұсынылады.

28 тамызда сағат 19:00-де Республика сарайында "Абайға тағзым" атты мерекелік концерт өтеді. Қойылым Абайдың рухани жолын музыка, театр және биді біріктіре отырып сахналайды.

Қыркүйек айында Мемлекеттік қуыршақ театрында "Мен бір жұмбақ адаммын… Абай" спектаклінің премьерасы өтеді (жас шектеуі: 16+). Қойылым Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романы мен "Қара сөздері" негізінде сахналанып, ақынның ішкі жан дүниесін, парасаты мен рухани тереңдігін ашады.

Барлық іс-шара азаматтарды, әсіресе, жастарды ұлттық мәдениетке жақындатуға, қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыруға және Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын терең ұғынуға бағытталған. Абай тұлғасы адамгершілік пен ағартушылықтың, жанды қазақ ойының символы.