Тараз қаласында белгісіз адамның рұқсатсыз "Зербұлақ" көліне тиесілі шлюзді ашуы салдарынан суармалы каналдарға шамадан тыс су кеткен. Соның салдарынан бірнеше көше су астында қалды, деп хабарлайды Kazinform.

Ақпарат агенттігі тілшісінің хабарлауынша, оқиға 7 тамызда кешкі сағат 20:35 шамасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз біреу суару каналына шлюзді ашып жіберген. Соның салдарынан қаладағы Достоевский, Жуанышев, Ұлбике ақын көшелеріндегі аулалар мен Ниетқалиев және Бөлтірік шешен көшелеріндегі кейбір үйлерді су басқан.

"Көршілеріміздің үйінде су 30 сантиметрге дейін көтерілді. Біздің де үй мен моншамызға су кіріп кетті", — дейді зейнеткер Светлана Геринг.

Әкімдіктің агенттікке берген мәліметінше, барлығы 30 тұрғын үйдің ауласын және 2 жертөле бөлмесін су басқан. Дегенмен үйлердің ішкі бөлмелеріне су кірмеген.

Төтенше жағдай жедел түрде бақылауға алынды. Алдымен шлюздер жабылып, су ағыны тоқтатылды. Кейін Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен "Жамбыл-Су"мекемесінің қызметкерлері су тарту жұмыстарына кірісті. Барлығы 25 маман жұмылдырылды және 12 техника, оның ішінде 5 мотопомпа қолданылды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз