8 тамызда Вашингтонда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян АҚШ президенті Дональд Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақ үйдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әлиев Пашинянмен бірге Нобель комитетіне бірлескен өтініш жолдауға дайын екенін атап өтті. Армения премьер-министрі Трамптың оларды марапаттау рәсіміне шақыратынына үміт білдірді. Ал АҚШ президенті олардың бірінші қатарда отыратынын уәде етті.

Бұл кездесуде Армения мен Әзербайжан басшылары екі ел арасындағы бейбіт қатынастар туралы декларацияға қол қойды. Құжатта алдын ала келісілген бейбітшілік шартын қол қоюға және ратификациялауға ілгерілету қажет екені айтылған. Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлері Вашингтонда шарт мәтінін парафирледі, яғни келісілген нұсқасын бекітті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Армения мен Әзербайжан арасында қол қойылған бұл келісім америкалық сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

"Президент Трамптың басшылығымен АҚШ Әзербайжан мен Армения лидерлерін ондаған жылдарға созылған қақтығысты аяқтайтын бейбітшілік келісіміне қол жеткізу үшін біріктірді. Бұл тарихи келісім өңірді нығайтып, америкалық сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз екі елді бейбітшіліктің жаңа дәуірінің басталуымен құттықтаймыз", — деді Рубио кездесуден кейін X-тегі парақшасында.

Сондай-ақ кездесуде Армения аумағынан өтетін Зәңгезүр дәлізінің бір бөлігі 99 жылға америкалық компанияға берілетіні белгілі болды. Транзиттік дәліз "Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу үшін Трамп жолы" деп аталады.

"Біз бұрынғы келіссөздерді тығырыққа тіреген басты мәселені шештік. Бұл декларацияда бекітілген атау — мен үшін үлкен мәртебе, мен мұны сұраған жоқпын", — деп атап өтті АҚШ президенті.