Перизат Қайрат сот үкіміне шағымданамын деп шешім қабылдаған. Бұл туралы оның адвокаты мәлімдеді, ол аппеляциялық шағым түсіргенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Ол үкімді қолына алған соң шағымданғысы келеді. Мен 8 тамызда аппеляциялық шағым түсірдім", — дейді адвокат Асланбек Давлетьяров.

Перизат Қайрат ісі

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 14 қарашада "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Қаржылық мониторинг агенттігі ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.

Сол кезде ҚМА өкілдері қайырымдылық үшін жіберілген қаражаттың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғанын хабарлаған еді.

2024 жылы 14 қарашада Перизат Қайрат ұсталып, екі айға қамауға алынды.

Биылғы наурызда Перизат Қайрат басқарған "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі мәжбүрлі түрде таратылатыны хабарланды.

Сонымен қатар Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының басшысы қызметінен босатылғаны белгілі болды.

Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайраттың жылжымайтын мүлкі бұғатталып, қымбат заттары тәркіленгенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Астанада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша сот процесі 9 шілдеде басталды. Сот процесі ішінара жабық өтті.

Прокуратура өкілдері хабарлағандай, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан астам теңгені жымқырды деп айыпталды.

Перизат Қайрат та, анасы да тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген еді.

Прокурор сот жарыссөзінде Перизат Қайратты 10 жылға, анасын 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі мен 218-бабының 3-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді және ауыр қылмыстар санатына жатады. Сот бұл қылмыстардың ерекше арсыздықпен жасалғанын атап өтті.

Олар қазақстандық қоғамның төзімділік пен мұқтаж жандарға жанашырлық сияқты іргелі құндылықтарына нұқсан келтіріп, азаматтарда қайырымды істердің қажеттілігіне деген күмән тудырған.

Жаза мен жауаптылықты ауырлататын жағдай – қылмыстық құқық бұзушылықтардың төтенше жағдай кезінде жасалуы.

Жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын өтелмеген.

️Осыны ескере отырып, сот Перизат Қайратқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын;

Ғайни Алашбаеваға 7 жыл бас бостандығынан айыру (оның қарт жасын ескере отырып) жазасын тағайындауды әділетті деп санады.

Сот үкімімен Қайрат пен Алашбаева 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражаттарын жинаумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды (заңда көзделген ең ұзақ мерзім).

Ұрланған қаражатқа сатып алынған мүліктері:

  • Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй, Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен тұрақ орындары;
  • "Mercedes-Benz S450" 2024 жылы шыққан автокөлігі, "Lexus LX 600" 2024 жылы шыққан автокөлігі;
  • "Rebel Flowers" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесі; ️
  • 97 млн теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары тәркіленді.

Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз